Қалың қарға байланысты Алматы әуежайында көптеген рейс кешігіп ұшты. Кейбірі 15 желтоқсан кештен бері ұша алмаған, бірнеше сағатқа кешіккендер де бар.
Олардың арасында ішкі рейстер де (Астана, Шымкент, Павлодар), халықаралық рейстер де (Бангкок, Стамбул және басқалар) бар.
Рейстер кешігуі мүмкін екенін Air Astana әуе компаниясы ресми парақшасында да ескерткен.
"Қар ұшақтарды мұзға қарсы өңдеу жұмыстарына кедергі келтіреді. Әуежайға шықпас бұрын рейс статусын әуе компания сайтынан тексеріп алуыңызды сұраймыз" деп жазылған хабарламада.
Алматыда 15 желтоқсанда кешке қалың қар жауған. Түнгі сағат 22-дегі мәлімет бойынша, қала орталығында 4 см қар түскен және қар таңға дейін тоқтамады. Таулы аудандарда 35 см-ге дейін қар түскен.
Жексенбі кешке коммуналды қызмет күшейтілген режимге көшірілген.
Қалада қар тазалаумен 400-ге жуық техника және 240 жұмысшы айналысып жатқаны хабарланды.
"Қазгидромет" мәліметінше, 16 желтоқсанда қар жаумайды. Тұрғындарға қар тоқтағанша Медеу мұз айдыны және Шымбұлақ тау шаңғы курортына уақытша бармауға кеңес берілген.
ПІКІРЛЕР