Accessibility links

"Су басынан лайланады". Әбдуәли Қайдар Тәуелсіздіктен екі ай бұрын берген сұхбатында не айтты?


Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілін қолдау акциясына қатысушылар. Алматы, 21 қыркүйек, 2008 жыл. Азаттық архивіндегі фото.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілін қолдау акциясына қатысушылар. Алматы, 21 қыркүйек, 2008 жыл. Азаттық архивіндегі фото.

1991 жылы Азаттық радиосына берген сұхбатында этнолингвист ғалым Әбдуәли Қайдар елдегі саяси өмір, көппартиялық қоғамға қадам, тіл мәселесі және латын жазуы туралы ойын бөліскен. Зиялы қауым өкілінің қоғамдағы өзгерістерге берген бағасы – Азаттық радиосының эфирінде.

Тәуелсіздіктен 2 ай бұрын. Әбдуәли Қайдардың сұхбаты
please wait

No media source currently available

0:00 0:38:39 0:00

Әбдуәли Қайдар 1991 жылғы 16 қазанда Түркияға барған сапарында Азаттық радиосының сондағы тілшісі Мұхтархан Оразбай одан сұхбат алған. Ұзақ сұхбат радионың эфирінен 4 күн қатарынан берілген. Ғалым сол кездегі Қазақстан қоғамындағы өзгерістер мен талпыныстарға қатысты ой-пікірін бөліскен.

ОРТАҚ ТҮРКІ ӘЛІПБИІНЕ ҚАЗАҚСТАН АТЫНАН ҚОЛ ҚОЙҒАН

Әбдуәли Қайдар – қазақ тіл білімінің көрнекті өкілі, этнолингвист, белгілі түркітанушы, академик. Ол 1924 жылғы 13 желтоқсанда қазіргі Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Талдыбұлақ ауылында дүниеге келген.

Этнолингвист ғалым, түркітанушы, қоғам қайраткері Әбдуәли Қайдар (1924-2019). Фото egemen.kz сайтынан алынды
Этнолингвист ғалым, түркітанушы, қоғам қайраткері Әбдуәли Қайдар (1924-2019). Фото egemen.kz сайтынан алынды

1942 жылы 9 сыныпты тәмамдаған соң 10 айлық педагогикалық курста оқыған. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан.

Соғыстан кейін Қазақ мемлекеттік университетін үздік бітірген.

1951 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясының аспирантурасына қабылданып, оны 1954 жылы "ұйғыр тілі" мамандығы бойынша бітірген. Аспирантурадан бергі өмірі, кіші ғылыми қызметкерден ғылыми-зерттеу институтының директорлығына дейінгі еңбек жолы Ғылым академиясында өтті.

Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының ардагері. Тәуелсіздік қарсаңында құрылған "Қазақ тілі" қоғамын басқарды. 1993 жылы 34 латын жазуындағы таңбаның негізінде жасалған 27 әріптен тұратын ортақ түркі әліпбиі жобасына Қазақстан тарапынан қол қойған. 500-ге жуық әртүрлі зерттеудің авторы. 60-тан астам еңбегі түрлі кітап, жинақ күйінде жарық көрді.

2019 жылы 95 жасқа қараған шағында қайтыс болды.

"ЕГЕМЕНДІК ШАРТЫ – ЖЕРІ, ШЕКАРАСЫ ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛІ"

Әбдуәли Қайдар Азаттық радиосына осы сұхбатын бергенде Қазақстанда әлі Совет одағының құрамында еді. Егемендік туралы декларация қабылданғанына бір жыл толып жатқан. Алғашқы қазақ ғарышкері, шын мәнінде Совет одағының соңғы ғарышкерлерінің бірі ретінде Тоқтар Әубәкіров ғарышта болып қайтқан.

"Байқоңырдан ғарышкер ұшып жатқанына 30 жылға жуықтады. Бірақ қазақтан шыққан ғарышкер бірінші рет көкке көтеріліп отыр. Бұл – қазақ тарихындағы үлкен оқиға", – деген ғалым сұхбатында.

Қазақстанда күнде назар аударарлық оқиға жиілегенін айтқан ол ел халқы қайта жаңғыру дәуірін өткеріп жатыр деген пікір білдірген.

Алайда Әбдуәли Қайдар елдің егемендігі туралы көп айтылғанымен, оның шарттары орындалмай отырғанын сынайды. Әсіресе, мемлекеттік тіл мәселесіне тоқталып, 1989 жылы қабылданған "Тілдер туралы" заңның талаптарына тоқталған.

"Мемлекеттік егемендік декларацияның қабылданғанына бір жыл толып жатыр. Алайда егемендік түгел болу үшін әлі де біраз шарттар керек. Егеменді елге ең қажетті нәрсе – тұтас территориясы және шекарасы болуы керек. Өзінің үкімет билігі өз қолында болуы керек. Өзінің ана тілі мемлекеттік тілі болуы керек. Өзінің гимн – ұран, жыры болуы керек. Өзінің туы болуы керек", – деген ғалым "Тілдер туралы" заң қабылданғаннан бергі екі жыл ішінде қазақ тілі мемлекеттік тіл дәрежесіне көтерілмегенін, қағаз жүзінен ұзамағанын сынға алған.

"Егеменді елге қажетті шарттың бірі – тілді жүргізу. Ана тілімізді толық өз дәрежесінде пайдалана алмаған жерде егеменді ел болдық деп айту қиын", – деген Әбдіуәли Қайдар.

"ПАРЛАМЕНТТІК ПАРТИЯ"

1991 жылы қыркүйекте Қазақстанда коммунистік партия тараған соң басқа да саяси партиялар құрылып жатқан. Олардың алды компартия тарамай жатып құрылып, өздері туралы жариялағанымен, "бейресми ұйымдар" қатарында аталып жүрген. Әбдуәли Қайдар қоғамдағы қозғалыстар мен партиялар жайына да тоқталған.

"Бұрын бәрімізді тұқыртып, бір ауызға қаратып, бір шыбықпен айдаған бір ғана коммунистік партия болды. Сол партия қазір халыққа билік ететін, халыққа жол сілтейтін қасиеті болмағандықтан өз-өзінен тоқтады. Бізде қайта құру, демократия, жариялылыққа байланысты қазір әртүрлі партиялар, қозғалыстар мен қоғамдар құрылып жатыр. Бір партия деген – бір адамның аузына қарау деген сөз. Қанша ақылды болса да бір адамның ақылы көп адамның ақылындай болмайды", – деген тілші ғалым сол тұста құрылып жатқан қозғалыстарды, партияларды атаған.

Солардың қатарында сол кезде билікке жақын делінетін "Невада-Семей" антиядролық қозғалысы мен халықтық "Азат" қозғалысы да бар. Социалистік партия мен Социал-демократиялық партияны да атап өткен Әбдуәли Қайдар Халықтық конгресс партиясы туралы кеңірек тоқталған.

Бұл – партияларды тіркеу талабы қойылған кез болатын. Ал тіркелмеген ұйым, қозғалыс, партиялар "неформалдар" қатарында аталатын. Ғалым айтып отырған Мұхтар Шаханов пен Олжас Сүлейменов басқаратын Халықтық конгресс партиясы билікшіл деп сипатталатын. Оны Әбдуәли Қайдардың сөзінен де аңдауға болады.

Ғалым партия мүшелерінің ішінде ондаған депутат та барын, жыл аяғына дейін бұл ұйым үш мың адамның қолын жинап, партия ретінде тіркелуді жоспарлап отырғанын айтқан.

"Халықтық конгресс парламенттік партия болып есептеледі. Қазірдің өзінде партия мүшелерінің кейбірі – халық депутаттары", – деген Әбдуәли Қайдар.

Ғалым сұхбатында көппартиялықтың тиімділігін де атап өткен. Ол әртүрлі партияның мүшелері бір қозғалыстан шыққанын айтты. Қайдардың сөзінше, сол кезде жаңадан құрылған Халықтық конгресс партиясының мүшелері арасында "Азат" қозғалысының да мүшесі болған.

НАЗАРБАЕВТЫҢ ПАРТИЯЛЫҚ ТРАНСФОРМАЦИЯСЫ

Сол кездегі ел басшысы Нұрсұлтан Назарбаев алабөтен Қазақстан Халықтық конгресс партиясының құрылтайына қатысқан. 2016 жылы Азаттық радиосына берген сұхбатында саясаткер Дос Көшім осы партияның құрылтай съезі "Азат" қозғалысының съезімен бір күнде өткізілгенін айтқан еді.

"Азат" қозғалысының үлкен съезіне келгендердің біразы елге танымал қос ақын құрған партия съезіне кеткен. Сөйтіп билік күшейіп келе жатқан "Азат" қозғалысын осындай әдіспен екіге бөлген", – деген еді Дос Көшім. Сондағы сәйкестікті сол кезде Азаттыққа сұхбат берген Әбдуәли Қайдардың айтқанынан да байқауға болады.

Патшалық Ресей империясына қызмет еткеніне 400 жыл толуын атап өтпек болған казактарға қарсы шеруге шыққан қазақтар. Батыс Қазақстан облысы Орал қаласы, 15 қыркүйек, 1991 жыл.
Патшалық Ресей империясына қызмет еткеніне 400 жыл толуын атап өтпек болған казактарға қарсы шеруге шыққан қазақтар. Батыс Қазақстан облысы Орал қаласы, 15 қыркүйек, 1991 жыл.

"Партия құрылтайына президент Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Ол өз сөзінде "мен ешбір партияның қатарында жоқпын, сондықтан кез-келген партияның жұмысына араласуыма, тыңдауыма және пікір айтуға хақым бар" деп Қазақстанның жағдайына қатысты ой-толғауларын айтты", – деген тілші ғалым.

Осы жерде айта кететін бір жайт, Назарбаев компартия тараған соң президент белгілі бір саяси топтарды жақтамас үшін қайсыбір партияға мүше болмауы керек деген ұстанымда болды. Ол 2023 жылы жарыққа шығарған "Менің өмірім" естелігінде бұл туралы "...мемлекет басшысы қандай да бір партиялардан, қозғалыстардан, бірлестіктерден сырт тұруы тиіс, қоғамның барлық топтарының мүддесін білдірудің жалғыз жолы осы деген ойда болған едім", – деп жазды. Сөйте тұра, "Мен коммунистік партияның қатарынан шығып, оның жетекшілігінен бас тартқаннан кейінгі уақыт аралығы президенттің өзіне қолдау білдіретін саяси күш қажет екенін көрсетіп берді", – деп тұжырған.

ЖОҚ ТІЛ КОМИТЕТІ ҚҰРЫЛДЫ – БАР ТІЛДІ ҚОЛДАНУ ДАМЫМАДЫ

Қазақстанда қазақ тілінің дамымауының себебі неде? Тілші ғалым Әбдуәли Қайдар оны былай тәпсірлейді.

"Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде дамымауының себебі бірінші кезекте демографияға байланысты болып отыр. Сондықтан қазақ тілін 100 пайыз жүргізу қиын. Тағы бір себеп – идеология, тіл саясатының дұрыс жүргізілмеуі. 70 жыл ғана емес, ар жағы 250 жыл, патшалық Россиядан келе жатқан қатынасты енді ғана сезініп, ашық айтып отырмыз. Қазақ зиялылары да белсене кіріспей отыр, олар ана тіліне қандай жәрдем керек екенін білсе де, соны істемей отыр", – деп қынжылыс білдірген ғалым.

Азаттық радиосына 1991 жылы қазан айында берген сұхбатында Әбдіуәли Қайдар сол кезде құрылып жатқан саяси партиялар тіл мәселесіне оң көзқараспен қарағанымен, қарекет байқалмайтынын айтқан.

Ғалым биліктің тілге деген қатынасын да айтып өткен.

"Су басынан тұнатыны да рас, су басынан лайланатыны да рас. Тілдің дамуына басшылардың да жеке үлгі көрсетуі қажет. Итке сүйек тастағандай, сөзінің басын қазақша бастап, ұзақсонар әңгімесін орысша айтып, соңында қайтадан қазақша қоштасатындар бар. Мен мұны талай жерде сынап жүрмін. Ана тіліңіз босағадан сығалап жүргенде сіздің төрге шығып, бастық болғаныңыздың мәнісі болмайды деп ағаларымызға айтып жүрміз", – деген ол.

Қазақ тілін қолдау жиынында тұрған жастар. Алматы, 20 қыркүйек, 2009 жыл. Азаттық архивіндегі сурет.
Қазақ тілін қолдау жиынында тұрған жастар. Алматы, 20 қыркүйек, 2009 жыл. Азаттық архивіндегі сурет.

1989 жылы қабылданған "Тілдер туралы" заңның талабы бойынша, ресми мекемелер құжаттарын, іс қағаздарын екі тілде дайындауы керек. Ғалым 1991 жылдың күзіне 40 шақты ауданда іс қағаздары қазақша жүргізіле бастағанын атап өткен.

"Заң бойынша, 1995 жылдың аяғына дейін іс қағаздарын түгел мемлекеттік тілде жүргізуіміз керек", – деген Әбдуәли Қайдар.

Ғалым Азаттыққа берген сұхбатында сол кезде өзі басқарып отырған "Қазақ тілі" қоғамының жұмысына да тоқталған. Ол "Тіл туралы" заңның орындалуын талап етуге бұл қоғамның құзыры жетпейді деп есептейді.

"Заңды орындау үшін ресми түрде тіл комитеті құрылу керек деген мәселені қойып жүрміз. Заңның орындалуын ресми талап етсе, орындаушылар да тілге басқаша қараған болар еді", – дейді ғалым.

Бұл тұста ол айтып отырған Тіл комитеті бүгінде бар. Бірақ тиісті заң талаптары қаншалықты орындалып отыр деген сұрақ осы сұхбаттан 33 жыл өткенде әлі де өзекті. Тіл комитеті алғаш 1993 жылы министрлер кабинеті жанынан құрылды. 1995 жылы ол ұлт саясаты жөнiндегi комитетке айналды. Ал 1997 жылы ұлт саясаты комитеті таратылып тынды. Одан кейін тіл комитеті 2005 жылы мәдениет, ақпарат және спорт министрлігі қанатының астында қайта құрылды. Кейін бірнеше мәрте қайта құрылымданған осы мекеме құрамында жүріп, тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті болып аталды. Қазір тіл саясаты комитеті аталып, ғылым және жоғары білім министрлігінің құрамына енгізілген.

35 жыл бұрын қабылданған заң. Қазақ тілінің қолданыс аясы қаншалықты өзгерді?
please wait

No media source currently available

0:00 0:08:29 0:00

"ЛАТЫН ЖАЗУЫМЕН ОҚЫП ТӘРБИЕ АЛДЫМ"

Ғалым Әбдуәли Қайдар осы сұхбатында жазу мәселесі туралы да тоқталған. Қазақтар ортасындағы жазу эволюциясын сипаттаған ол әліпбиді өзгерту оңай болмайтынын айтқан.

"Әр жерде жүрген бір қазақ халқы үш түрлі жазуды пайдаланып келеді. Қара шаңырақ Қазақстанда 15 жылдың ішінде жазуды үш рет өзгертіп, үш рет сауатсыз болдық. Қытайдағы туыстарымыз да бірде латын, бірде араб жазуын өткеріп келеді. Түркиядағы туыстар сол елдегі латын жазуын пайдаланып отыр", – деген академик осы елдердегі қазақтардың бір-бірін мәдениетін түсінуде кедергі барын айтады.

Айтуынша, әліпбиді өзгерту экономикалық қиындықтың сыртында қоғамның сауатын бір саты төмен түсіреді. Бірақ тарих үшін бұл қажет дейді ғалым.

Сол кезеңде тәуелсіздігін жариялап үлгерген Өзбекстан, Түркіменстан мен Әзербайжанда, сондай-ақ өзге елдер құрамындағы Татарстан мен Қырым татарларында латын жазуына көшу мәселесі көтеріліп жатқан.

Тілші ғалым Әбдуәли Қайдар латын жазуына көшудің маңызын былай түсіндіреді.

"Тұтас Еуропа, Америка құрылығы латын жазуын кеңінен пайдаланып отыр. Оны өзіміз де басымыздан кешірдік, кезінде қолданған жазуымыз. Шыңжаң қазақтары – 20 жыл, біз 10 жыл пайдаланғанбыз. Мысалы, өз басым латын жазуымен оқып тәрбие алдым. Латын жазуының болашағы зор екенін мен үгіттемей-ақ қояйын, оны уақыттың өзі көрсетер", – деген Әбдіуәли Қайдар 1991 жылы қазанда берген сұхбатында.

Совет тұсында латын графикасы негізінде жасалған қазақша әліпби 1929 жылдан 1940 жылға дейін қолданылып, одан кейін кириллицаға ауыстырылды.
Совет тұсында латын графикасы негізінде жасалған қазақша әліпби 1929 жылдан 1940 жылға дейін қолданылып, одан кейін кириллицаға ауыстырылды.

Жалпы, Қазақстанның латын жазуына көшуі туралы сол кезде – тоқсаныншы жылдары басталған талқыға әлі нүкте қойылған жоқ. 2006 жылы президент Назарбаев латын жазуына көшу туралы сөз қозғаған.

2017 жылы "Рухани жаңғыру" бағдарламасы қабылданғанда Ақорда үкіметке латын қарпіне негізделген қазақ әліпбиін дайындауды тапсырған. Тіпті 2020 жылы 1 сынып оқушылары латын әліпбиінде оқи бастайды деп хабарлаған.

Әу баста латын графикасына негізделген жазу үлгісіне 2025 жылы көшу керек деген жоспар болған еді, бірақ кейін билік бұл үрдісті 2023-2031 жылдар аралығына созып тастады. Ал президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұсында істің тоқетері айтылған емес.

Кириллицадан "нуриллицаға". Saebiz заман. Латын әрпінің хикаясы
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:25 0:00

Латынға көшуде асығыстыққа баруға болмайтынын айтқан президент Тоқаев бұған дейінгі талпыныстарды "өрескел қателік" деп бағалаған.

Назарбаев тұсында ұсынылған, бірақ түпкілікті бекітілмеген нұсқалар бойынша бірлі-жарым кітап жарық көріп, кеңсе, кейбір ұйым атаулары латын жазуына ауыстырылып, тіпті белгілі тұлғалардың құлпытастары да латын қарпімен жазыла бастаған еді.

Бұл саладағы жұмыс барысына сын айтып жүргендер Қазақстанда мемлекеттік тіл мәселесі мен латын әліпбиіне көшу құрғақ саясатқа айналып кетті деп есептейді. Бұл – тәуелсіздіктің 33 жылындағы сипат.

Этнолингвист ғалым, түркітанушы, қоғам қайраткері Әбдуәли Қайдардың 1991 жылы күзде Азаттық радиосына берген сұхбаты жайлы подкасымызды тыңдаңыз.

"Азаттық толқыны" подкасының барлық эпизодын Азаттық сайтынан, подкаст платформаларынан және Азаттықтың YouTube-арнасынан тыңдауға болады.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG