Ресей Украинадағы соғысқа қатысуға бұған дейін Қазақстаннан әскери тәжірибесі бар ер адамдарды шабуылдаушы топ құрамында баруға үгіттеп, кейбірін көндіріп келсе, енді Ресейде білім аласың деген желеумен жастарды әскери дрон жасайтын зауыттарға тартпақшы. Жақында Астанада мектеп оқушылары мен студенттерге Ресей федерациясы құрамындағы Татарстан республикасындағы "Алабұға политех" колледжіне оқуға шақырған жарнама парақтары таратылды.
Иранның "Шахед" деп аталатын дронына ұқсас өнім шығаратын Алабұға колледжі Ресейдің әскери-өнеркәсіп саласындағы кәсіпорынмен тығыз байланыста жұмыс істейтінін жасырмайды. Ресей мұндай әскери дрондарды Украинаға қарсы соғысқа пайдаланады, Украинада бейбіт тұрғындардың ажалына себеп болған әлгіндей дрон шабуылы жиі жасалады.
"БІЗГЕ БҮКІЛ ТМД КЕЛЕДІ"
Алабұға қаласындағы зауыт 2023 жылдан бері жұмыс істеп жатыр. Әуелде онда дрондарды Ираннан жеткізілген бөлшектерден құрастыратын. Бірақ біртіндеп ресейлік бөлшектер көбейіп жатыр. Ресей осы зауытқа жұмысқа келуге күллі әлем бойынша, соның ішінде Африка елдерінен, Қырғызстан, Шри-Ланкадан шетелдік азаматтарды үгіттеп, көндіруге тырысады. Бұған қоса бала еңбегін де пайдаланады, кейде оларды мәжбүрлеп жұмысқа салады.
Қазақстанда мектеп оқушылары мен студент жастар арасында таратылған "Алабұға политех" колледжінің жарнамалық парағында кәсіпорын Қазақстаннан 14 жасқа толған және одан асқан кез-келген жасты жұмысқа қуана-қуана қабылдайтыны жазылған. Жарнамадағы ақпарат жұмыс Ресей армиясына арналған әскери дрондар жасалатын зауыттан ұсынылатыны да көрсетілген. "Жауды жоятын тегеурінді дрон құрастыру – керемет қой" деп те қосып қойған.
"Настоящее Время" арнасының журналистері жарнама парағында көрсетілген телефонға хабарласты. Колледж өкілдері жасөспірімдерді әскери зауытқа жұмысқа тартып жатқанын растады.
"Біз қызметкерлерімізді алдамаймыз. Бәрі жақсы. Бізден оқып үйренуге ТМД-ның барлық елінен, мұқым Ресейден келеді", — деп мәлімдеді зауыт өкілдері.
Ресейлік зерттеушілер жарнама буклетінде жазылған уәделерге сенбеңдер деп ескертеді. Зауытта жұмыс істейтін ресейліктер де, шетелдіктер де кәсіпорында өздеріне уәде етілгеннен әлдеқайда аз ақша төлейтінін, артық жұмыс істеуге мәжбүр ететінін айтып, бірнеше рет шағынған. Ресейлік "Протокол" басылымы мен "РЗВРТ" YouTube-арнасының журналистері жинаған деректерге сай, "Алабұға Политех" зауытында оқушылар айына орташа есеппен 400 долларға жуық ақша табатынын айтып, ондағы жұмыс жағдайын "құлдың жұмысына" теңеген.
Алабұғадағы кәсіпорында оқушы балалар еңбегін пайдаланатыны жөнінде былтыр Азаттықтың Татар-Башқұрт қызметі де жазған.
Зерттеуші журналистер колледж басшылығы кез-келген наразылықты қорқытып-үркітіп, қоқан-лоқы жасап басып тастайтынын атап жазған.
Бұған қоса олар колледж студенттеріне өздерінің оқуы мен жұмысы жайлы айтуға тыйым салынғанына назар аударған.
"Дрон құрастыру жұмысын атқаратын "Алабұға" студенттеріне немен айналысатыны жөнінде айтушы болма, әйтпесе оқудан шығарыласың деп тыйым салған, – деді "Протокол" басылымының журналисі Александр Савельев. – Олар қол қойған келісімшартта жалпы "Алабұға" жөніндегі және оқу кезеңдері туралы ақпаратты жария етуге тыйым салынатыны жазылған. Бұл ережені бұзған студент 1,5 млн рубльден 2 млн рубльге дейін айыппұл төлеуге мәжбүр болады".
ҚАЗАҚСТАН БИЛІГІ ӘЗІРГЕ ҮНСІЗ
Қазақстанның жоғарғы білім министрлігі мен ел билігі Астана қаласында таратылған "Алабұға" жарнамалық буклеттері және жалпы қазақстандық жастарды Ресейдің әскери зауыттарына үгіттеп жұмысқа тарту туралы ақпаратқа байланысты әзірге ешқандай пікір білдірген жоқ. Ресейдің Украинаға қарсы бастаған соғысын айыптамаған және қолдау да танытпаған ресми Астана Кремльмен байланысын дамытуды жалғасытырып келеді.
"Кремльдің бәрін қанға байлап ұстағысы келетін ниетін көріп отырмыз. Бұл өзге елдердің азаматтарын осы соғысқа жанама түрде араластыруды көздеген жымысқы талпыныс, – деп түсіндірді қазақстандық бұрынғы медиаменеджер Арман Шораев өз отандастарын ресейлік әскери зауыттарға жұмысқа тарту мақсатындағы әрекеттерді. – Қазақстанның Ресеймен арада іс жүзінде шекарасы жоқ деуге болады. Барғысы келген кез-келген адам сол Алабұғаға жарты-ақ күнде жетеді".
Шораев Алабұғадағы зауыт Украина жеріне шабуылдайтын әскери дрондар шығарып жатқандықтан, Украинаның оны әскери нысана деп тануы заңды болатынын еске салды.
2024 жылы сәуір айында Ресей жеріндегі нысаналарды көздеген украиналық дрондар Алабұғадағы жатақхана ғимаратына түскен. Ол жолы БАҚ дрон шабуылынан 14 адам зардап шекті, арасында екі жасөспірім бар деп хабарлаған.
"Бұл материалдық жағдайымды түзеп алайын деп, осынау ажал себетін мәшинелерді құрастыруға қатысуға тілек білдірген біздің азаматтарымызға ой салуға тиіс, – деді Шораев. – Егер біреуге өлім тілесең, ажал жебесі кез-келген сәтте айналып өзіңе қадалуы мүмкін екенін ұмытпаған жөн".