Accessibility links

 
Алматыда алаңға жиналған адвокаттар митингіні кейінге қалдырғанын хабарлады

Алматыда алаңға жиналған адвокаттар митингіні кейінге қалдырғанын хабарлады


Адвокат Айман Омарова адвокаттар және заң қызметі туралы заңнамаға өзгеріс енгізуге қарсылық білдіру акциясының өтпейтінін айтып тұр. Алматы, 13 наурыз, 2021 жыл.
Адвокат Айман Омарова адвокаттар және заң қызметі туралы заңнамаға өзгеріс енгізуге қарсылық білдіру акциясының өтпейтінін айтып тұр. Алматы, 13 наурыз, 2021 жыл.

Бүгін, 13 наурызда, наразылық шарасын өткізуді жоспарлаған адвокаттар, заңгерлер мен нотариустар Алматыдағы Ғылым академиясының алдындағы алаңға жиналып, митингіні кейінге қалдыратынын хабарлады.

Митинг бүгін өтуі тиіс болған. Ұйымдастырушылар онда заңгерлердің және құқықтық қызмет көрсететін басқа мамандардың жұмысын реттейтін заң жобасына қарсылығын жеткізбек болған.

Митинг өтеді деген уақытта Шоқан Уәлиханов көшесіндегі гүлзар маңына 20 шақты қатысушы, полицейлер мен әкімдік қызметкерлері жиналды. Шараны ұйымдастырушылардың бірі, адвокат Айман Омарова заңға бағынатын азамат және заңгер ретінде ережелерді бұзбау үшін шараны өткізуден бас тартатындарын хабарлады. Коронавирус пандемиясына байланысты қалада санитарлық-эпидемиялық ахуал нашарлап, қоғамдық іс-шара ұйымдастыруға жақында тағы да тыйым салынған.

Омарованың айтуынша, шара эпидемия ахуалы жақсарғаннан соң өткізіледі, себебі заңгерлер қарсы шығып жатқан заң жобасы әлі де парламент қарауында жатыр.

"Мемлекеттік органдар ісімізге араласа беретін болса, [алаңға] тағы да келеміз, тіпті күн сайын келе береміз" деді Омарова жиналған жұртқа.

Азаттыққа сұхбат берген ол адвокаттардың мұндай наразылығы "постсоветтік елдер тарихында алғаш рет болып отыр" деді.

- Бізді қинағаны сондай, көшеге шығуға мәжбүр болдық... Адвокаттар алғаш рет осылай шығып тұр. Біз қорқақ адамдар сияқты "Шықпаймыз" деген жоқпыз. Өзіміз келіп тұрмыз... Шықпасақ, "Адвокаттар қорқыпты" дейтін еді. Бізді ешкім қорқытқан жоқ, – деді Омарова.

Адвокат ісі және құқықтық көмек саласындағы заңнамаға өзерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасына наразы адвокаттар, заңгерлер және нотариустар. Алматы, 13 наурыз, 2021 жыл.
Адвокат ісі және құқықтық көмек саласындағы заңнамаға өзерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасына наразы адвокаттар, заңгерлер және нотариустар. Алматы, 13 наурыз, 2021 жыл.

Митинг тақырыбы – адвокат қызметі және құқықтық көмек саласындағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасына қарсылық. Заңгерлердің айтуынша, әділет министрлігі әзірлеген заң жобасы «тәуелсіз адвокатураны жоюға» бағытталған әрі ол «заң кеңесшісі палаталарының өзін-өзі реттеу стандарттарын сақтамайды», себебі заңгерлерді республикалық бірлестіктер құрамына кіріп, жарна төлеп отыруға міндеттейді.

Бұған қоса, жарна көлемін белгілеу арқылы бейүкіметтік ұйымның жұмысына мемлекеттің араласуына жол беріледі дейді олар. Бұған қоса заңгерлер «Ұлттық ақпараттық технологиялар» холдингі әзірлеген «Е-Заң көмегі» платформасын қолданғаны және Заң кеңесшілері палаталарының қауымдастығы жүйесіне қосылғаны үшін ақша төлеуді міндеттейтін ережемен де келіспейді.

Митингіні өткізуге Алматы қаласының әкімшілігі рұқсат берген. Мұны адвокаттар 9 наурызда хабарлады. Арада бір күн өткенде коронавирус инфекциясының таралу жылдамдығы бойынша Алматы «қызыл аймаққа» өтті, ал 12 наурызда санитарлық-эпидемиялық қызмет митингіге «тыйым салынғанын» хабарлады. Мекеменің айтуынша, «кез келген бұқаралық шара қала тұрғындары арасында Covid жұқтырғандар санын күрт арттыруы ықтимал». Адвокаттар митингіге тыйым салу туралы ресми ақпарат алмадық дейді.

Қазір заң жобасы мәжілісте жатыр. Жобаны сенат 4 наурызда мәжіліске қайтарған. Мәжіліс сенат енгізген өзгерістермен келіссе, жоба қабылданды деп саналып, президентке қол қоюға жіберіледі. Төменгі палата өзгерісті қолдамаса, онда парламенттің қос палатасы депутаттарынан құралған комиссия компромисс жолдарын іздейді.

  • Былтыр мамырда қабылданған бейбіт жиындар туралы заңға сәйкес, митинг өткізгісі келетіндер жергілікті басшылыққа хабарласуы керек. Қазақстандық және халықаралық сарапшылардың айтуынша, заң бейбіт шара өткізу ережелерін жеңілдеткен жоқ, себебі әкімдіктердің митинг өткізуге рұқсат бермеуге қақысы бар.
  • Қазақстанның ең ірі қаласы – Алматыда өткен тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 293 адам тіркелді. Ресми мәлімет бойынша, пандемия басталғалы Алматыда коронавирус инфекциясы ПТР тестімен дәлелденген 27 мыңнан астам адам санаққа алынған. Бұған қоса, «коронавирусқа ұқсас пневмониямен» 5 мыңнан аса адам тіркелген (бұл статистика былтырғы 1 тамыздан жүргізіледі). Бұл – Қазақстан аймақтары мен қалалары арасындағы ең жоғары көрсеткіш.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG