Ресейге тыңшылық жасады деп айыпталған Лондонда сотталып жатқан Болгария азаматтары "Қазақстанға қарсы шабуыл әзірлеген" деп жазды британ ақпарат құралдары.
Telegraph басылымының жазуынша, айыпталушылардың бірі, тыңшылар желісінің жетекшісі Орлин Русев Интерполда іздеуде жүрген Ян Марсалекпен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлы туралы "фейк гей-порно жасауды" талқылаған. Сотқа сүйенген басылым Ян Марсалекті Кремльдің атынан шабуылға тапсырыс беруші деп атайды.
Ақорда сайтындағы мәліметке сәйкес, Тоқаевтың жалғыз ұлы бар. 40 жастағы Тимур Тоқаев Кемел Тоқаев атындағы қайырымдылық қорына жетекшілік етеді.
Telegraph-тың жазуынша, Русев пен Марсалек арнайы қызмет өкілдері пайдаланатын "саяси мақсатта романтикалық немесе жыныстық қатынаспен байланысты" әдіс жөнінде сөйлескен.
Мақала авторларының жазуынша, Марсалек "Қазақстан президентінің ұлы гей-клубтың тұрақты клиенті" деп айтатын гей-клубтың иесімен "сұхбат ұйымдастыруды" ұсынған. Telegraph және Daily Mail жазуынша, тапсырыс беруші "ГРУ-дағылар егер мұны жарияласақ, Қазақстанда драма болады" (ГРУ – Ресейдің бас барлау басқармасы) деген.
Марсалек сонымен бірге "қазақ атом электр станцияларының [желісіне] бұзып кіріп, секс-видео жариялауды, валютаны құлдилатуды" ұсынған деп жазды британ ақпарат құралдары. (Қазақстанда АЭС жоқ).
Алайда кейінірек аталған топ бұл жоспарынан бас тартып, Қазақстанның Лондондағы елшілігі алдында 2022 жылы қыркүйекте "фейк наразылық акциясын" ұйымдастырумен шектелген деп жазды басылым. Олар ғимаратқа шошқаның қанын төгіп, сынақ жүргізбекші болған деп жазды мақала авторлары.
Қазақстанның арнайы қызметі аталған топқа тиісті дәрежеде мән бермеген. Сол кезде Русев британ парламенті мүшелерінен Қазақстандағы адам құқығы мәселесін қозғауды сұраған деп жазды авторлар.
Русев пен Марсалек Қазақстан туралы даулы фильмде Бораттың рөлін ойнаған актер Саша Барон Коэнді жалдап, қазақ үкіметін сынаған бейнежазба түсіру жөнінде де айтқан.
Ақыры Марсалек Русевке "керемет жаңалық" алғанын: "қазақ барлаушылары үрейленіп отырғанын және ресейлік достарынан аталған топ жайлы мәлімет сұрағанын" айтқан.
Бұған дейін аталған сотты бақылап отырған британ ақпарат құралдары Болгария азаматтары Ұлыбританиядан саяси баспана алған Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиевті аңдығанын жазған еді.
Британ прокурорларының айтуынша, Болгария азаматтары Ресейдің арнайы қызметінің тапсырысымен 2020 жылдың тамызынан бастап 2023 жылдың ақпанына дейін Мәскеуге "пайдалы болуы мүмкін" ақпараттарды жинақтап, белгілі бір тұлғаларды анықтаған.
Барлығы бес адам сотқа тартылып жатыр, арасында екі әйел де бар. Екі айыпталушы Орлин Русев пен Бизер Джамбазов тыңшылықпен айналысқандарын мойындаған.