Accessibility links

 
Ресей, Иран және санкция салынған өзге елдер Батысқа бәсеке тудыра ала ма?

Ресей, Иран және санкция салынған өзге елдер Батысқа бәсеке тудыра ала ма?


Иранның жоғарғы билеушісі аятолла Әли Хаменеи (сол жақта) мен Ресей президенті Владимир Путин. Тегеран, 19 шілде 2022 жыл
Иранның жоғарғы билеушісі аятолла Әли Хаменеи (сол жақта) мен Ресей президенті Владимир Путин. Тегеран, 19 шілде 2022 жыл

2022 жылғы іс-әрекеттері үшін халықаралық санкцияларға тап болған Ресей мен Иран енді кіммен сауда жасамақ? Әрине, бір-бірімен және аластатылған кішігірім мемлекеттермен. Бұлар күш біріктіріп, Батыспен бәсеке жарыстыруға қабілетті ме? Сарапшылар ол күмәнді дейді.

Халықаралық қауымдастық Ресей мен Иранға қатаң экономикалық санкция салып жатқанда, екі ел жазалау шараларын айналып өту үшін өзара және өздері секілді мемлекеттермен сауда қатынасын дамытуға тырысып жатыр.

Халықаралық банк жүйесінен, экспорт нарығынан, шетел ресурстары мен технологияларынан аластатылған олар өзара сауда байланысын нығайтып, Солтүстік Корея мен Беларусь, Венесуэла мен Бирма секілді аластатылған мемлекеттермен экономикалық байланыс орнатты. АҚШ пен Еуропа одағы бұл мемлекеттерге адам құқықтарын бұзғаны үшін және басқа да себептермен санкция салған еді.

Бірақ мұндай мемлекеттер Батысқа қарсы шығу үшін бірлесіп әрекет етуге дайын болғанымен, бұрыннан келе жатқан бәсеке, материалды-техникалық қиындықтар мен өнімдердің ұқсастығы олардың санкцияларға қарсы тұруды көздейтін блогының тиімділігін айтарлықтай шектейді дейді сарапшылар.

"Географиясы да алыс. Бір-бірінен сатып алғысы немесе сатқысы келетін заттар да жоқ. Әрі бір-бірін жақтырмайды" деді АҚШ Қаржы министрлігінің бұрынғы қызметкері, қазір Castellum.AI консалтинг фирмасының бас директоры Питер Пиатецкий. "Бұл нашар клуб" дейді ол.

САНКЦИЯЛАР ЛЕГІ

Ресей мен Иран жаңа 2023 жылға әлемдегі ең көп санкцияға ұшыраған мемлекеттер ретінде кіргелі отыр. 2022 жылы халықаралық қауымдастықтың оларды жауапқа тарту әрекеті олардың проблемасын ушықтыра түсті.

Ақпанда Ресейдің Украинаға басқыншылығы жаңа санкцияларға жол ашты. Оның көбі Ресейдің энергетика секторына бағытталды. Ресей банктерінің көбі әлем бойынша басымдыққа ие SWIFT қаржы транзакциясы желісінен ажыратылды. Бұл Мәскеудің сауда-саттық мүмкіндігін шектеді.

Иран президенті Ибрахим Раиси (сол жақта) мен Ресей президенті Владимир Путин Шанхай ынтымақтастығы ұйымы саммиті аясында кездесіп отыр. Самарқан, Өзбекстан, 15 қыркүйек 2022 жыл
Иран президенті Ибрахим Раиси (сол жақта) мен Ресей президенті Владимир Путин Шанхай ынтымақтастығы ұйымы саммиті аясында кездесіп отыр. Самарқан, Өзбекстан, 15 қыркүйек 2022 жыл

Энергия тасымалдайтын ірі мемлекеттердің бірі саналатын Иран әлем державаларымен тоқтап тұрған ядролық келісімді қайта бастау туралы келіссөздер кезінде санкциялар алынады деп үміттенген еді. Оның орнына АҚШ пен Еуроодақ Ресейдің Украинадағы соғысын қолдағаны және ел ішіндегі билікке наразылардың қозғалысын қатыгездікпен басып-жаншығаны үшін Тегеранға тағы да санкция салды.

Соғыс басталмай тұрып Тегеран мен Мәскеу санкцияларды айналып өту үшін өзара сауда келісімдерін жасаудың артықшылығын байқады.

"Иран да, Ресей де санкцияға ұшыраған және олар бұл мүмкіндікті пайдалана алады" деп жазды қаңтарда Иран мұнай министрлігі Твиттерде. Ол кезде ресми тұлғалар экономикалық, оның ішінде өндіріс және энергетика секторы бойынша әріптестікті нығайту үшін Мәскеуде кездескен еді.

Қарашада Ресей делегациясын Тегеранда қабылдаған Иран президенті Ибрахим Раиси Мәскеумен байланысты стартегиялық деңгейге жеткізуге уәде берді. Ол мұны АҚШ пен оның одақтастарының санкциялары мен шайқалту саясатына қарсы нақты жауап" деп атады.

САНКЦИЯҒА ТАП БОЛҒАН БАСҚА ЕЛДЕР

Мәскеу мен Тегеранды Батысқа қарсы шыққысы келетін басқа мемлекеттер де қызықтырып отыр.

Биыл Беларусь Мәскеу және Тегеранмен жаңа келісімшарттарға қол қоюдың артықшылығын байқады. Минск Ресейдің әскери іс-қимылын қолдағаны үшін және 2020-2021 жылдары билікке наразы азаматтардың бейбіт шеруін қатаң түрде басып-жаншығаны үшін санкцияға тап болған еді.

2014 жылы наразылықтарды басып-жаншыған соң АҚШ пен Еуроодақ санкциясына тап болған Венесуэла да биыл Тегеранмен жиырма жылға созылатын келісім жасады.

Венесуэла президенті Николас Мадуро (сол жақта) мен Иран президенті Ибрахим Раисию Тегеран, Иран, 11 маусым 2022 жыл
Венесуэла президенті Николас Мадуро (сол жақта) мен Иран президенті Ибрахим Раисию Тегеран, Иран, 11 маусым 2022 жыл

Беларусь пен Венесуэладан бөлек, Солтүстік Корея, Сирия мен Бирма Ресей немесе Иранмен саудада маңызды рөл ойнап жатыр деді АҚШ барлауының бұрынғы офицері, қазір TD International қаупі-қатерді саралау фирмасының бас қызметкері Бенджамин Цай.

Қытай Ресей мен Иранның энергия импортынан пайда көріп отыр, бірақ Ресей мен Иранды дипломатиялық және идеологиялық тұрғыда қолдау арқылы санкцияларды бұзбай, баланс ұстап ойнап отыр деп жазды ол жазбаша жауабында.

Қытайға экспортты арттыру үшін Ресейдің бағаны төмендетуі Иранның мұнай сату әрекеттеріне кесірін тигізетіні айтылды.

Қытай мен Ресей, Шанхай ынтымақтастық ұйымында ықпалы жүретін екі ел, қыркүйекте Иранды осы ұйымға тұрақты мүше етуге келісіп, сауданы арттыруға жол ашты.

ЭЛЕКТРОНДЫ САУДА ЖӘНЕ ДОЛЛАРДАН АРЫЛУ

Санкция салынған және теңіз арқылы тасымалдау мен қаржы қызметтері саласында кедергілерге ұшыраған мемлекеттер өзара сауда-саттық жасау үшін әртүрлі әдіс қолданады.

"Олар АҚШ долларымен төлемей, бартермен немесе саудамен айналыса алмайды" деп жазды Цай. "Мысалы, Батыс санкциялары Ресейдің екіжақты саудада Қытай юанын пайдалануын арттырды. Ресей ұйымдары санкцияларды криптовалютаның көмегімен де айналып өтуге тырысты".

Ресей мен Иран доллармен жасалатын сауданы айналып өту үшін балама валюта құру жөнінде бұрыннан айтып келеді.

2014 жылы Украинаның шығысындағы сепаратистерді қолдап, Украинаның Қырым түбегін аннексиялап алғаны үшін санкцияға ұшыраған Ресей SWIFT банк жүйесін алмастыру үшін отандық жүйені қолдануға тырысып жатыр.

Биыл Ресей криптовалюта арқылы импорт келісімін жасағанын мәлімдеген Иран сияқты дайын серіктес тапты.

Екі мемлекет те ұлттық валютамен сауда жасау қадамына барып, доллардан аулақтау аясында "Мир" және "Шетаб" деген ұлттық электронды банк жүйесін интеграциялауға тырысты.

Иран мен Ресей санкцияға тап болған мемлекеттермен тікелей сауданы іске асыра алмаған соң, әскери тауар, технологиялар мен ноу-хау айырбастауға көшті.

Иранда жасалған Shahed-136 әскери дронын Ресей Украинаға қарсы соғыста "Герань-2" деген атаумен пайдаланады. 2022 жылғы 14 желтоқсанда Киевте түсірілген суретте әуеден шабуылы кезінде атып түсірілген "Герань-2" дронының қираған бөлшектері жерде жатыр.
Иранда жасалған Shahed-136 әскери дронын Ресей Украинаға қарсы соғыста "Герань-2" деген атаумен пайдаланады. 2022 жылғы 14 желтоқсанда Киевте түсірілген суретте әуеден шабуылы кезінде атып түсірілген "Герань-2" дронының қираған бөлшектері жерде жатыр.

АҚШ Солтүстік Кореяны Ресейге Украинадағы соғыста сарқылған қорын толтыруға оқ-дәрі жеткізді деп айыптады. Ал Иран Ресейге Украинадағы соғыста пайдалануға әскери дрондар берді. Ұлыбритания Ресейді Иранға озық әскери компонеттер жеткізді деп айыптады.

Алайда бұл жолда санкцияға ұшыраған Иран, Ресей және басқа да мемлекеттерге өздері экспорттамайтын тауарлар жетіспейді дейді Пиатецкий.

"Шын мәнінде, бір-бірімен іс жүргізе алатыны рас. Бірақ біріне керек зат екіншісінде жоқ" деді Пиатецкий.

Ресей, Иран мен Беларусь энергия өндіреді. Ресейдің Үндістан мен Қытайға саудасы артқан соң, Иран экспорты зардап шекті. Иран Ресейдің автокөлік өндірісіндегі қиындықтарын көлік пен автобөлшек экспорттауға мүмкіндік ретінде қарастырды. Бірақ Иран автокөліктерінің қауіпсіздік көрсеткіштері мен беделі мұндай келісімнің сәтті жүзеге асатынына күмән туғызады.

Тамызда Тегеран санкцияларды айналып өту үшін Ресейге ұшақ бөлшектерін жеткізуге келіскен, былтыр Ресей Иранға ұшақ экспорттау туралы келісім жасасқан. Бірақ мұндай келісімнің өміршеңдігі де күмән туғызады.

"Ресейдегі адамдар Иран автокөлігімен жүргісі келмейді, ал Иран халқы Ресей ұшақтарымен ұшуға құлшынбайды" деп жазды Пиатецкий.

ТАҒЫ НЕ БАР?

Дегенмен, Ресейдің де, Иранның да ресми тұлғалары Батыс шараларымен күресуге көмектескісі келетін мемлекеттермен сауда жасау мүмкіндігін қарастырып жатыр.

Ресей президенті Владимир Путин. Мәскеу, 22 желтоқсан 2022 жыл
Ресей президенті Владимир Путин. Мәскеу, 22 желтоқсан 2022 жыл

15 желтоқсанда Ресей президенті Владимир Путин мемлекеттің Азия, Латын Америкасы және Африка елдерімен сауданы күшейту шараларын жалғастырамыз деп уәде берді.

"Біз ешқашан оқшаулану жолына түспейміз" деді Путин. "Керісінше, мүдделі елдердің бәрімен әріптестікті нығайтамыз".

Дегенмен, санкцияға тап болған мемлекеттер арасындағы келісімдер айтарлықтай үлкен емес. Сарапшылар Ресей, Иран және олардың сауда серіктерінің жазалау шараларына қарсы шығу мүмкіндігі өте шектеулі екенін айтады.

"Санкцияларды айналып өтудің бұл шаралары режимді аман сақтап қала алады, бірақ экономиканы өсірмейді" деді Цай. "Санкцияларға тап болған елдер блогы Батысқа экономика жағынан бәсеке тудырады деп елестетудің өзі мүмкін емес".

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG