Шыңжаңдағы түркі халықтары көріп отырған қуғын-сүргін – қазақстандық режиссер әрі фотограф Ядыкар Ибраимовтың туындыларының негізгі арқауы. Ядыкар 1940-жылдары Қытай компартиясынан қашып, Қазақстанға қоныс аударған ұйғыр отбасында дүниеге келген. Бұл күндері Алматыдағы Magnum Photos халықаралық агенттігінің көрмесіне Ядыкардың жобалары қойылды. Азаттық режиссермен үрей-қорқынышқа қарамай, көпшілікке қуғын-сүргін туралы шығармашылық арқылы баяндау қандай қажеттіліктен туғаны жөнінде сөйлесті.
Үстіне пальто, басына допа, яғни ұйғырдың ұлттық тақиясын киген жас жігіт жан баласы жоқ жерде кетіп бара жатыр. Ар жағынан мұнартып тау, жайылып жүрген мал көрінеді. Жігіттің сол қолында үлкен дыбыс зорайтқыш бар. Кенет оны жерге қояды да, телефонын қосады. Дыбыс зорайтқыштан ұйғырша, қазақша және ағылшынша дауыстар естіледі. Ер мен әйелдің, жас пен кәрінің дауысы, арасында бала дауысы да бар. Олардың бәрі де Шыңжаңда із-түссіз жоғалып кеткен немесе Қытай түрмелері мен "қайта тәрбиелеу лагеріне" түскен жақындары туралы айтады. Бұл – Қазақстан мен Қытайдың шекарасы. Басына допа киген жігіттің аты-жөні – Ядыкар Ибраимов. Ұлты ұйғыр қазақстандық режиссер әрі фотограф. Ал жаңағы көрсеткені Қытайда қуғын көріп отырған түркі халықтарын қолдау бағытындағы перформанстарының бірі.
Ядыкар Ибраимов 34 жаста. Алматыда туып-өскен. Арғы аталары 1940-жылдардың аяғында Қазақстанға Қытай компартиясының саясатынан қашып, Шыңжаңнан қоныс аударып келген. Ол жер кезінде Шығыс Түркістан деп аталатын және онда негізінен ұйғырлар тұратын. Ғасырлар бойы ондағы ұйғырлар Қытай билігіне қарсы бас көтеріп, ұлт-азаттық күресін жүргізіп келді. Алайда 1949 жылы Қытай Шығыс Түркістанды құрамына қосып алды да, оның атауын Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы деп өзгертті. Компартия бұл жерге ханзуларды (Қытайдағы халықтың басым көпшілігін құрайтын ұлт – ред.) қоныстандыра бастады, ал ұйғырлар жаппай Қазақстанға қоныс аударды. Соңғы толқын ХХ ғасырдың 60-жылдары келді.
Ұйғырлар Шығыс Түркістанды 1949 жылы билікке келген Мао Цзедунь басқаратын коммунистер құрған Қытай Халық Республикасының өз құрамына қосып алуын басқыншылық деп атайды, "Шыңжаң" немесе "Жаңа шекара" деген атауды қорлау деп есептейді. Тарихи отанын әлі де Шығыс Түркістан немесе Ұйғырстан деп еске алады.
Ядыкар нағашы ата-әжесінің Қазақстанға Іле өзені арқылы кішігірім қайықпен өткенін айтып берді. Ерлі-зайыптының қолында құндақтаулы қыздары болыпты. Ал Ядыкардың әке-шешесі Қазақстанда дүниеге келген. Бұл әулеттің Шыңжаңдағы туыстарымен байланысы он жылдан аса уақыт бұрын үзіліп қалған.
– Олар Құлжа қаласының жанында өзен жағалауында тұрған екен. Тәтем көз алдында қалған көріністі айтатын: әжеміз кең етек көйлек киіп, көйлегінің етегін өзенге малып, балық аулайды екен. Соны түскі асқа пісіріп беретін еді дейді. Тәтемнің есінде қалған осы бір жарқын көрініс маған да ыстық, – деді Ядыкар.
Отанында көрген қиындығы туралы Ибраимовтар отбасы айтпайды, есіне алмайды.
– Ата-әжелеріміз қандай қиындық көрсе де, қартайғанда оған басқаша қарайды, сондықтан ешқашан шағынған емес. Әйтсе де, өткенге көз салғанда олардың қалай қиналғаны туралы ойланамын. Балалық және жастық шағы өткен жерден кетуге мәжбүр болып, үй-жайын тастап кету, басқа жерден пана табу оңай емес, – деді перформанс авторы әңгімесін жалғастырып.
Ядыкар режиссердің оқуын бітірген соң ұйғыр халқы және Шыңжаңдағы қуғын-сүргін туралы жобалар жасай бастаған. Қытай билігі оларды ислам дінін ұстанғаны үшін қуғындап, өз ішіне сіңіруге тырысады. Кейінгі мәліметтер бойынша, Шыңжаңдағы ұйғырлардың жалпы саны 13 миллионнан асады. Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық облысында бір жарым миллиондай қазақ, 200 мыңға жуық қырғыз және 20 мыңдай өзбек тұрады.
– Менің ұлтым ұйғыр, ал менің халқым әлемдегі ең үлкен қасіреттің біріне тап болып отыр. Геноцид көзден таса жерде болып жатқан соң, әлемдік қауымдастықтың көп бөлігі оған көз жұма қарайды. Осыған орай шығармашылық эмоциямды ішімде бүге алмаймын. Шығармашылық адамы болғандықтан, бұл жауыздыққа қарсы қару ретінде тек соны пайдалана аламын.
2019 жылы Ядыкар Uyghur life and pain ("Ұйғырлардың өмірі мен қасіреті") деген жоба бастаған. Онда Қазақстандағы ұйғыр диаспорасының өмірі мен мәдениеті туралы әңгімелеп, Қытай билігі Шыңжаңда құрған "қайта тәрбиелеу лагерінен" аман шыққандар мен қуғындағы жақындарын күтіп жүргендер туралы айтады.
Режиссер Шыңжаң қазақтарының құқығын қорғаумен айналысатын "Атажұрт" ұйымымен байланыс орнатып, сол арқылы лагерьден босап шыққан жандармен сөйлескен. Қай жерде және қашан көрсете алары белгісіз болса да, олардың әрқайсының әңгімесін видеоға жазып, суретке түсіріп алған.
2024 жылы Magnum Photos халықаралық фотоагенттігі соғыс, аумақтық тұтастық, отарсыздану, цензура және баспасөз еркіндігі сияқты тақырыптар тоғыстыратын елдердің фотографтарына арнап Beyond the Silence ("Тыныштық тасасында") деген жоба бастаған. Ибраимов өтініш беріп, нәтижесінде Қазақстаннан жалғыз автор болып отыр.
Ядыкар Ибраимовтың кейіпкерлері
Beyond the Silence жобасына Іле өзенінің көрінісі, Шыңжаң аумағында тағы бір лагерь пайда болғанын көрсететін спутниктен түсірілген суреттерден құралған композиция және бұғауда болған төрт адамның суреті ілікті. Олар – Дина Нұрдыбай, Тұрсынай Зияудун, Нұрлан Көктеубай және Бақтияр Мекеш.
Дина Нұрдыбайдың мамандығы – дизайнер, лагерьде 11 ай болған. 2018 жылдың қыркүйек айында ғана босап шыққан. Нұрдыбайдың айтуынша, ел ішінде лагерьді "қара түрме" деп атайды екен. Босап шыққаннан кейін лагерьде жұмыс істеуге мәжбүр болған – қамауда отырғандарға іс тігуді үйретіпті. Сотталғандардан жалғыз ғана артықшылығы – лагерь аумағында еркін жүріп-тұруға мүмкіндігі болған. 2019 жылы Дина Нұрдыбай жолын тауып, Қазақстанға кетіп қалған.
Тұрсынай Зияудунның ұлты ұйғыр, күйеуі Қалмырза Халықұлы – қазақ. Ерлі-зайыпты екеуі 2011 жылы Қытайдан Қазақстанның Алматы облысына қоныс аударған. 2017 жылы жұмыстарымен Қытайға барған жерінен екеуін де қамауға алған. Тұрсынайды "шетелде ұзақ уақыт болғаны үшін" лагерьге жөнелткен. Ал күйеуін себебін түсіндіріп жатпастан қоя берген. Қалмырза Қазақстанға оралып, азаматтық алған. 2019 жылы Тұрсынайды босатып, күйеуінің шақыруымен Қазақстанға жіберген. Әңгімесіне қарағанда, лагерьде ұрып-соққан, зорлаған, соның кесірінен Тұрсынайдың жатырын да алып тастаған.
Нұрлан Көктеубайдың ұлты – қазақ, бастауыш мектеп мұғалімі. "Саяси қайта тәрбиелеу лагерінде" жеті ай отырған. Қазақстанда тіркеуі болғанына қарамастан, оны атамекенге жиі барып-келіп жүргені үшін қамауға алған. Көктеубай Азаттық тілшісіне сегіз метрлік дуалдың ар жағындағы өмір, күні-түні бір тынбайтын идеологиялық сабақ және ұрып-соғып тәрбиелеу әдісі туралы айтып берді.
Бақтияр Мекеш молда болғандықтан лагерьге түскен. Қазір әйелі мен қызының босап шығуын күтіп жүр.
Ибраимовтың шығармаларының жалпы тақырыбы – "Тоно-наан үйде, ал үйіміз қайда?"
– Тоно-наан деген – тоно пешінде, яки тандырда пісетін ұйғыр наны. Ал нан кез келген мәдениеттің архетипі, ол үй, шаңырақ деген ұғыммен астасады. Ал ұйғыр халқы үшін бұл үлкен мәселе, олардың үйі қай жерде? – деген сауал қояды Ибраимов.
Көрме жұмысы Алматыдағы "Egin space" кеңістігінде 8 желтоқсанға дейін жалғасты. Оған Ядыкармен қатар Украина, Нигерия, Германия, Иран фотографтарының жұмыстары қойылды.
Ядыкар Шыңжаңдағы қуғын-сүргін тақырыбын бұрын да көтерген. 2021 жылы фотограф Қазақстан мен Қытайдың шекарасына барып, жан баласы жоқ жерді тауып, Қытай жағына қаратып, Шыңжаңда жақындарынан айырылған жандардың дауысын ойнатқан.
Перформансты ұйғыр суретшісі Рамиль Ниязовпен бірге жасаған. Авторлар қытай лагерінде не түрмесінде отырған туыстарын күтіп жүрген немесе Қытайдағы жақындарымен байланысы үзіліп қалған жандардың дауысын жинаған.
– Қытай жабық ел болғандықтан, ондағы туған-туыспен байланысқа шығу өте қиын. Ебін тауып, бейнеойындар чатында және vpn арқылы ғана байланысқа шығып жатады. Ал кәдімгі телефонға хабарласып, ар жақтағы адам тұтқаны көтере қалған жағдайда, тек жаттап алған сөзін ғана айтады: "Бәрі жақсы, бәрі тамаша. Бізге хабарласпаңдар, өтінемін". Біз диаспора өкілдеріне жақындарына хабарлама жолдап жатқандай дауыстарын жазып беруді өтіндік, – деп түсіндірді жобаның идеясын режиссер.
Бұл көркем тәсілдер Letter home ("Үйге хат") атты қысқаметражды фильмде көрініс тапты. Фильм Германия мен Нидерландта өткен бірнеше фестивальде көрсетілді, сондай-ақ 2022 жылы Алматыда "Жаңа Шекара" деген атпен өткен Қытайдағы түркі халықтарын қысымға алу мәселесіне арналған кинофестивальде көрерменге ұсынылды.
2023 жылы Ядыкар Ибраимов 40 минуттық видео түсіріп, Шыңжаң-Ұйғыр ауданындағы қытай саясатынан зардап шеккендердің аты-жөнін атап шықты. Құрбандар тізімін америкалық зерттеуші Евгений Бунин жасаған Шыңжаңдағы қуғын-сүргін құрбандары топтастырылған Shahit.biz базасынан алды.
Көшкін әсері мен қорқыныш
– Туындыларым қар көшкендей әсер етсе деймін, бірақ бұл романтикадан туған идея. Ал негізінен кейіпкерлердің бәрі де жарақаттан кейінгі күйзеліс жағдайында екенін жеткізгім келеді. Олардың әрқайсына медициналық көмек қажет. Жәрдем жасай алатын қандай да бір ұйымдар болса, бұл өте пайдалы болар еді. Әрі жария түрде айтыла бастаса, бұғаудағылар да босап шығар ма еді, – деп ойлайды режиссер.
Ол Қытайдағы түркі халықтары мен мұсылмандарды қудалауды тоқтатуға азаматтық қоғам түгілі, ірі саясаткерлердің де күші жетпейді деген пікірде.
– Біздің үкіметіміз Ресей, Қытай мен Батыс әлемінің арасында ілініп тұрғандай күйде. Ал біз болсақ, Шығыс Түркістанда қамауда отырғандар мәжбүрлі түрде немесе су тегінге жасаған телефондарды пайдаланамыз, көлікті мінеміз, киімді киеміз, – деді Ибраимов.
Режиссер Шыңжаң жөніндегі жұмыстарының ешбірін жария етпей, "андеграунд режимде" жасайды. Өйткені Қазақстанда "құпия қытай полициясы" болып, оның қызметкерлері Шыңжаң-Ұйғыр ауданындағы қуғын-сүргін туралы айтқандардың ізіне түсуі мүмкін деп қауіптенеді.
– Кезекті жобамен жұмыс істеп жатқанда біреу-міреу телефон соғып қала ма, көшеде алдымнан шыға ма деп елеңдеп жүремін, – деді Ибраимов.
"Қайта тәрбиелеу лагерінде" болғандар немесе олардың туған-туыстары да осындай қауіпке орай Ядыкардың түсірілімдеріне қатысудан бас тартады. Алайда режиссер бастан кешкен қиындығын жариялап айтатындардан гөрі тасада, тыныш жүргендер әлдеқайда қауіпті жағдайда жүр деп санайды. Шыңжаңда тұтқында болғандардың әңгімесін естіген сайын Ядыкар жаны жараланған жандарды көреді.
– Осы тақырыппен жұмыс істейтіндерге де оңай емес, олар да жан жарасын қозғайды. Соған қарамастан, жұмыс істеуге мүмкіндік бар кезде қолдан келгенді істеу керек, – деді ол сенімді түрде.