Сирияда үкіметке қарсы қарулы топтардың үдемелі шабуылынан кейін Египеттің кейбір шенеуніктері президент Башар Асадты елден кетугі шақырған. Оның әйелі мен балалары Ресейге кетіп үлгерген, ал күйеубалалары Біріккен Араб Әмірліктерінде, деп жазды Сирия шенеуніктеріне сүйенген The Wall Street Journal басылымы. Олардың сөзінше, Асад әлі Сириядан кетпеген.
Иордания шенеуніктері де Асадты Сириядан кетуге үндеген, алайда Иорданияның Вашингтондағы елшілігі өкілдері мұны жоққа шығарды.
Мақала авторларының жазуынша, Египет шенеуніктері де Асадқа оппозиция өкілдерінен құралған уақытша кеңес жасақтауға кеңес берген. Ақпарат ресми түрде расталмады.
Кейінгі мәлімет бойынша, "Хайат Тахрир аш-Шам" (АҚШ-та террористік ұйым танылған) бастаған сириялық қарулы топтар Хомс қаласына жақындаған. Ол үшін шайқас Сирия билігі үшін шешуші рөл атқаруы мүмкін деп жазды The Wall Street Journal басылымы. Хомсты қарулы топ өкілдері басып алса, ол Дамаскіге жол ашып, Сирия астанасын Жерорта теңізіндегі Ресей әскерінің әскери базасымен жалғап отырған жолды жабады.
The New York Times-тың жазуынша, қарулы топтың шабуылы тұсында ирандық дипломаттар мен әскери қызметкерлер Сириядан эвакуациялана бастаған. Басылым дереккөзінің хабарлауынша, елден "Әл-Құдыс" ислам революциясы сақшылар корпусының қолбасшылары кеткен.
The New York Times басылымы Асадтың одақтастары – Иран, Ресей мен ливандық "Хезболла" (бұл АҚШ-та террористік ұйым танылған) қарулы тобы өздерінің мәселелерін шешумен әуре болып отырғанын жазды. Иран мен "Хезболла" негізгі күшті Израильге қарсы текетірестерге жұмсап жатыр, ал Ресей негізгі назарын Украинаға қарсы соғысқа бағыттап отыр.
Қарулы топтар қараша соңында үкімет әскеріне қарсы шабуыл бастаған. Бірнеше күн ішінде жиһадшылар Алеппо, Хама мен Дейр-эз-Зор қалаларын бақылауға алып үлгерген. Үкіметке қарсы топтардың Дара провинциясының едәуір бөлігін басып алғаны хабарланды. 2011 жылы сол жақта Асадқа қарсы көтеріліс басталған.