Школьниктің үнем жайлы сөзі мысқылға азық болды

Қазіргі энергетика министрі Владимир Школьник (оң жақта) пен оның орынбасары Ұзақбай Қарабалин. Астана, 5 қазан 2010 жыл.

Қазіргі энергетика министрі Владимир Школьник (оң жақта) пен оның орынбасары Ұзақбай Қарабалин. Астана, 5 қазан 2010 жыл.

Энергетика министрінің жанармай үнемдеуге шақырған ұсынысы әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Интернет қолданушылар оның бастамасын келемеж деп қабылдады.

Қыркүйектің 2-сінде парламент сессиясына қатысып шыққан энергетика министрі Владимир Школьник Қазақстандағы бензин тапшылығына қатысты пікірін білдіріп, халыққа «жанармайды үнемдеу жолдарын» айтты.

«Германиядан жақсы білемін – қиын кезең болғанда, бүкіл әлем бойынша баға көтерілгенде олар бір машинаға мінгеседі не қоғамдық көлікті пайдаланады. Үнемдейік. Машинаға аз міну керек. Бұл сөзім әсіресе шенеуніктерге, жалғыз өзі бір джиппен жүретін адамдарға қатысты» деді министр.

«ШКОЛЬНИК КӨРШІСІН КӨЛІГІНЕ МІНГІЗЕ МЕ?»

Facebook әлеуметтік желісіне тіркелген қазақстандықтар министр Владимир Школьниктің бұл пікірін қызу талқылап кетті.

«Школьник риза болсын, жұмысқа да бармай-ақ қоялық. Сонда ары-беріге ақша шықпайды, кептеліс болмайды, жанармай жанбайды, әркім жұмысында жарықты, компьютерді қосып энергияны құртпайды. Тағысын тағылар... Үнемдеу деген осы емес пе?» деп жазады Қанағат Әбілқайыров есімді азамат.

Жанармай станциясында кезекте тұрған көліктер. Алматы, 22 тамыз 2014 жыл.

Жанармай станциясында кезекте тұрған көліктер. Алматы, 22 тамыз 2014 жыл.

Ал Айсұлу есімді интернет қолданушы «Сол Школьник өз көлігіне көршісін мінгізе ме екен?!» деп сұрайды.

Бақытнұр есімді азамат министрдің сөзін «халықты мазақтау, келемеждеу және ел алдында өтірік ақталу» деп бағалады.

Министрдің сөзіне қатысты пікір білдіргендердің бірі Болатбек Баянхан: «Білген адамға Школьник жақсы әңгіме айтып отыр. Бауырмал, қайырымды болыңдар дейді. Бір аулада тұратында бір-бірін біліп жүрсін деген ниетпен айтып отыр» деп кекетеді.

Энергетика министрі Владимир Школьниктің сөзіне наразы адамдардың бірі Сапархан есімді қолданушы «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің былтыр суды үнемдеу туралы айта келіп, «Германияда тұратын әжей алдымен ыдысын, кейін сол сумен еденін жуады; алдымен балаларын жуындырып, кейін сол суға өздері жуынады» дегенін де еске алған.

«Енді, міне, Школьник Германияны мақтап отыр. Бұларға не болған? Басқа айтар сөз табылмады ма?» дейді Сапархан.

АИ-92 маркалы бензині жоқ екені жайлы хабарландыру. Алматы, 2014 жылдың жазы.

Қазақстанда тамыздың ортасынан бері жанар-жағармай мәселесі жұртты алаңдатып тұр.

Тамыздың 21-інде «ҚазМұнайГаз» компаниясы елде жанармай бағасы 10-15 пайызға өсетінін жариялаған. Компания директорының маркетинг бойынша орынбасары Ерлан Қойбағаров бұл қымбатшылыққа екі нәрсе – девальвация мен жанармай құнының маусымдық өсуі себеп болғанын айтқан.

Бензин бағасы қымбаттағаннан кейін кейбір жанармай құю бекеттері Алматыда АИ-95 маркалы жанармай талонмен сата бастаған еді. Ал қыркүйектің 3-інен бастап Астанадағы бірнеше жанармай құю станциясы да АИ-92 және АИ-95 маркалы бензиндерді талонмен сату жүйесін енгізді.

Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев жанармай бағасының шегін белгілеп, дизель отынының бір литрінің бағасы – 115 теңгеден, АИ-80 маркалы бензин – 89 теңгеден, АИ-92/93 маркалы бензин – 128 теңгеден аспауы керегін ескерткен.

Қазір Қазақстандағы мұнай базаларындағы жүргізушілер көп тұтынатын АИ-92 маркалы бензиннің көлемі 95 мың тонна деп хабарланды. Энергетика министрі орынбасары Ұзақбай Қарабалиннің айтуынша, Қазақстанда бір жылда тұтынылатын бензиннің 30 пайызы Ресейден жеткізіледі. Қазақстанда соңғы үш жылда АИ-92 бензинінің бағасы бірнеше рет өсіп, бір литрінің құны 128 теңгеге жетті.