Анар Мешімбаева 7 жылға сотталды

Сотталушы Анар Мешімбаева (сол жақта) және оның қызы мен әкесі. Астана, 14 ақпан 2014 жыл.

Сотталушы Анар Мешімбаева (сол жақта) және оның қызы мен әкесі. Астана, 14 ақпан 2014 жыл.

Статистика агенттігінің бұрынғы басшысы Анар Мешімбаева дүние-мүлкі тәркіленіп, 7 жылға сотталды. Сотталушы үкімге қатысты ештеңе демеді. Адвокаты шағымданатынын айтты.
Ақпанның 14-і күні Астана қаласы Есіл аудандық сотында статистика агенттігінің бұрынғы төрайымы Анар Мешімбаеваға қатысты үкім шықты. Ол 2009 жылы жүргізілген ұлттық халық санағы кезінде «бюджеттің 700 миллион теңгеден көп қаржысын жымқырған және қызмет өкілеттігін асыра пайдаланып, мемлекетке 3 миллион теңгеден көп соманың зиянын келтірген» деп танылды.

Анар Мешімбаеваға бес жыл бойы мемлекеттік қызмет атқаруына тыйым салынды.

Статистика агенттігінің Мешімбаевадан және «статистер ісі» бойынша бұдан ертерек сотталған адамдардан 558 миллион теңгеден асатын ақшаны өндіру туралы талап-арызы да қанағаттандырылды.

Прокуратура әу баста Анар Мешімбаеваның дүние-мүлкін тәркілеп, сегіз жылға соттауды сұраған еді.

Статистика агенттігінің бұрынғы төрайымы сот процесінде өзінің кінәсіз екенін мәлімдеумен болды. Соңғы сөзінде ол «бұл қылмысты жасаған жоқпын» деп мәлімдеді.

Бүгінгі сот үкімін үнсіз тыңдаған Анар Мешімбаева ештеңе демеді. Үкім шығатын
Анар Мешімбаева сот үкімін естіп тұр. Астана, 14 ақпан 2014 жыл.

Анар Мешімбаева сот үкімін естіп тұр. Астана, 14 ақпан 2014 жыл.

күні сотқа келген сотталушының әкесі мен қызы комментарий беруден бас тартты.

Анар Мешімбаеваның адвокаты Ботагөз Бейсембаева «әуелі сот үкімімен танысу қажет» деді.

"Клиентім тағылған айыпты мойындамайды, айыбы дәлелденген жоқ. Әрине, шағымданамыз" дейді Ботагөз Бейсембаева.

43 жастағы Анар Мешімбаеваның мамандығы – экономист. Ол – Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің түлегі. 2009 жылдың қазан айында статистика агенттігі төрайымы қызметінен босатылған соң Қазақстаннан кетіп қалған Анар Мешімбаева Мәскеуде ұсталып, 2013 жылдың қыркүйек айында Қазақстанға экстрадицияланған.