Еуропада жабық есік жағдайында дипломаттар мен саясаткерлер “Украинаның бейбітшілік жоспары қандай болуы керек?” деген сұраққа жауап іздеп жатыр. Украинада Еуропаның бітімгершілік әскерін шоғырландыру ұсынысы да қаралған. Бұл тұста Мәскеудің қандай да бір энтузиазм көрсете қоюы неғайбыл.
Мәскеу, Киев, Брюссель, Вашингтон мен басқа да астаналарда жабық есік жағдайында дипломаттар, көшбасшылар мен әскерилер Еуропадағы Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең үлкен құрлық соғысының шешімін табуды көздеген үлкен қысымға әзірлік үстінде.
Майданда Ресей басымдыққа ие. Оның әскері украин күштерін 1100 километрлік майдан шебінде талқандап жатыр. Мәскеу Украинаның энергетикалық инфрақұрылымын атқылап, онсыз да соғыстан қажыған халықты қақаған қыста жылу мен жарықсыз қалдырайын деп отыр.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Келіссөз жақындаған сайын Ресей мен Украина белсенділігін күшейтіп жатыр. Бұдан не шығады?Батыстың келіссөз залдарындағы көңіл-күй кикілжіңді шешу керек деген сарынға ойыса бастады. (Соғыстың 34 айында қос тараптан 1 миллионнан астам адам қаза тауып немесе жараланған. Бұл көрсеткіш күн сайын артып барады). АҚШ-та Дональд Трамп президент болып сайланғалы бұл процесс айқынырақ біліне бастады. Трамп сайлауалды кампаниясы кезінде соғысты 24 сағатта аяқтаудың жолын табамын деп уәде берген еді.
«Бейбітшілік келіссөз болады деген әңгіме көп», — деді 12 желтоқсанда Брюссельдегі Carnegie Europe талдау орталығының директоры Роза Бальфур. «Шын мәнінде жоспарымыз жоқ. Әрине, майдандағы жағдай Украинаның пайдасына шешілмей тұр, сондықтан өте күрделі кезең».
Сонымен соғысты тоқтатудың қандай жолдары талқыланып жатыр?
БІТІМГЕРШІЛІК КҮШТЕРІ?
Осы аптада Еуропа мен АҚШ-тың өкілетті тұлғалары атыс тоқтап немесе бейбіт келісімге келген соң, Украинаға Батыс елдерінен бітімгер әскерді жіберу керек пе деген мәселені талқылады.
Франция президенті Эммануэль Макрон Украинаға 40 мың әскер орналастыру идеясын ұсынды деген ақпарат бар. 12 желтоқсанда Макрон осы ұсынысты Польшаның премьер-министрі Дональд Тускпен талқылау үшін Варшаваға барды.
Кездесуден кейінгі баспасөз конференциясында Туск журналистерге Польша Украинаға әскер жібермейді, Варшаваны бұған ешкім мәжбүрлемейді деді.
Бес күн бұрын Батыс елдерінің бітімгерлік миссиясы туралы ұсыныс Парижде де айтылды. Ол кезде Макрон АҚШ президенті Трамп және Украина басшысы Владимир Зеленскиймен кездескен. The Wall Street Journal дерегінше, Украинаны қолдап-қорғауда еуропалықтар белсенді рөл атқаруы керек деп санайтын Трамп жергілікті аумақта оқ атудың тоқтатылуын бақылауға еуропалық жауынгерлер жіберілгенін жөн көріп отыр.
Басылым дерегінше, Трамп бұған АҚШ әскерін араластырғысы келмейді.
Украина билігі қыркүйекте 10 бөлімнен тұратын жеңіс жоспарын жариялаған. Зеленский үкіметі Батыс бітімгерлері жайлы ұсынысты қолдап отыр. Бұрынғы украин дипломаты Александр Хараның айтуынша, Мәскеудің бұған келісетін ниеті жоқ.
«Әрине, олардың бұл жайлы айта бастағаны жақсы, бірақ бейбіт келіссөз бастауға еш негіз жоқ», — дейді Киевтегі қорғаныс стратегиялары орталығының сарапшысы Хара.
«Ресей әлі де Украинаны тізе бүктіре аламыз деп ойлайды. Батыс тіксініп қалды, Трамп Украинаға қысым көрсетіп, қару-жарақ пен басқа да көмекті тоқтатпақ. Ендеше Украинаның жаңа территорияларын жаулап алып, украиндерді қырып, Ресеймен сөз таластырудың соңы жақсылыққа апармайтынын дәлелдеуге мүмкіндік болып тұрғанда, Мәскеу келіссөздер үстеліне отырып қайтеді?» — дейді ол.
НАТО БОЙЫНША ОДАҚТАСТАР
Кремль 2022 жылы ақпанда Украинаға басып кіргенде, Украинаның НАТО-ға қосылуға талпынысын сылтау етті.
9 желтоқсанда Зеленский НАТО-ға кіру маңыздылығы жоғары қадам екенін тағы да қайталады.
Бірақ НАТО-ға мүше мемлекеттердің көбі Украинаның қосылуына қырын қарайды. 2008 жылғы саммитте АҚШ пен Еуропа басшылары Киевтің одаққа қосылу ықтималдығын мақұлдағандай болған, бірақ ұйымға мүше болудың нақты жол картасын сол күйі бекітпеді. Кей өкілетті тұлғалар мен сарапшылар бұл 2022 жылы Ресейдің Украина территориясына басып кіруіне түрткі болған қате шешім еді деп есептейді.
Соғыс басталғаннан кейін НАТО құрамына Швеция мен Финляндия қосылды. Бірақ Украинаны одаққа қабылдау жерінің көп бөлігі оккупацияланған, соғыста әбден қажыған, экономикасы күйреген елді бауырыңа басу деген сөз. Бұл одаққа мүше мемлекеттерге қосымша жүк.
Сондықтан бұл идеяны АҚШ та қолдап отырған жоқ. WSJ дерегінше, осы аптада Парижде Трамп Макрон мен Зеленскийге Киевтің НАТО-ға кіру туралы өтінішін қолдамайтынын айтқан.
“Украинаның НАТО-ға қосылуын кейінге шегеру — Ресей талаптарына мойынұсыну деген сөз. Бұл Путин үшін ірі жеңіс болады”, — деп жазды отставкадағы австралиялық генерал-майор Мик Райан. “Енді Путин мен авторитар басшылар Ресейдің Украинаға қарсы агрессиясы нәтиже берді деген ойға келеді. Өйткені Путиннің соғысқа дейінгі негізгі талабы Украинаның НАТО-ға кіруіне жол бермеу еді”.
БУФЕР АЙМАҒЫ?
Күтпеген жағдай болмаса, Украина Ресей басып алған аудандарынан айырылып қалады. Қазір Украина территориясының 20 пайызы — Ресейдің қолында. Оккупацияланған аймақтар қатарына Донбастың шығысы, Қара теңіздегі Қырым түбегі толықтай кіреді.
Бақылаушылардың көбі Солтүстік және Оңтүстік Корея арасындағы демилитаризациялық аймақ сияқты бейтарап территория құруды құп көреді.
Путин бұл идеяны наурызда сайлауда жеңіске жеткеннен кейін ұсынған.
«Бір кездері қажет деп тапсақ, Киев режимінің бақылауындағы территорияларда “санитарлық аймақ” құруға мәжбүр болуымыз мүмкін...», — деген еді ол.
Украинаға бұл шекараның қай жерден өтетіні, экономикалық базаның қандай бөлігінен айырылатыны қиынға соғып тұр. Тау-кен және ауыр өнеркәсіптің үлкен бөлігі Ресей басып алған Донбаста шоғырланған; кей мәлімет бойынша, 8 миллион гектар ауыл шаруашылық жері оккупацияланған аймақтарда қалған.
Тамызда Украина Ресей территориясына өтіп, Курск облысының бір бөлігін басып алды. Кейінірек Зеленский шабуылдың мақсаты буферлік аймақ құрып, Ресей зымырандарын Украинаның екінші ірі қаласы Харьковтен алыстату деп түсіндірді.
Одан бері Ресей әскері Украина күштерін өз территориясынан тықсырып, Курск облысының жартысын қайтарып алды.
Буферлік, санитарлық, демилитаризациялық аймақтардың бір қиындығы — ондағы бақылау мен тексеріс. Әр тарапқа немесе бітімгерлік миссиясына қарсыласты бақылау үшін қандай шараларға рұқсат берілетінін шешу керек. Дронмен шабуыл күшейсе, бәрі ушығуы мүмкін.
АЙҚЫН МӘСЕЛЕ
Алдағы келіссөздердегі ең үлкен мәселе — Украинаға қару-жарақ жеткізіп отырған АҚШ пен ондағы жаңа президент әкімшілігінің қимылы.
Трамп жылдар бойы бұрынғы президент Джо Байденнің Украинаға қаншама қару-жарақ беріп келгенін сынаумен болды. Ол тіпті, Зеленскийді алаяқтықпен айналысты деп те айыптаған. Трамп кәсіпкер ретінде Путинмен келісімге келе аламын деп мақтанды.
Трамп әкімшілігіндегі басты тұлға — АҚШ әскерінің отставкадағы подполковнигі Кит Келлог. Ол Трамптың бірінші президенттік мерзімі кезінде вице-президенттің кеңесшісі болған.
Келлог қарашада өткен АҚШ-тағы президент сайлауына дейін жариялаған мақаласында “қамшы мен тәтті” әдісін пайдаланып, Киев пен Мәскеуді келіссөзге көндірудің жолын ұсынған.
Бұл әдіс қолданылса, мәселен, Киевке АҚШ қару-жарақ жіберуді тоқтататады. Ал Мәскеуге халықаралық мұнай нарығына көп шикізат шығарып, бағаны түсіру арқылы қысым көрсетеді. Өйткені Ресей бюджеті белгілі бір деңгейде мұнайдан түсетін табысқа тәуелді.
Мәскеуге қарсы салынған санкцияларды алып тастап немесе Украинаның НАТО-ға қосылу мүмкіндігін кейінге шегеру арқылы Ресейге "тәтті" бергендей болады. Ал Киевті әскери көмекті жалғастырып, елді қайта қалпына келтіруге қаржы бөліп, Ресей басып алған территорияларды мойындамай алдаусыратады. Вашингтон 40 жыл бойы Совет Одағы аннекциялаған 3 Балтық мемлекетіне дәл осы әдісті қолданып келді.
«Украиндерге «келіссөздер үстеліне отырмасаңдар, АҚШ-тан көмек болмайды» дейміз. Ал Путинге «келіссөзден бас тартсаң, украиндерге Ресей әскерін тас-талқан етіп жеңуге қажеттің бәрін береміз» деп айтамыз, — деген Келлог маусымда Reuters агенттігіне берген сұхбатында.
Украинаны бірнеше күнде басып аламыз деп мәлімдеп, соңында үш жылға созылған соғыстан шыға алмай қалған Кремль де Трамптың ұсыныстарына ашық екенін білдіргендей болды.
Бірақ бұған күмәнмен қарайтындар да бар.
«[Путин] келіссөздерге салмақты қарайды деп ойламаймыз», — деді өткен аптада Азаттыққа анонимді сұхбат берген НАТО-ның жоғары шенді шенеунігі. «Ол келіссөзге дайын болса да, әзірге жеңіс өз қолында болғандықтан, оны келісімге итермелейтін себеп жоқ. Путин уақыт өзіне жұмыс істейді деп ойлайды».