Астана мен Маңғыстау облысында кемінде екі белсенді қамалды

Астана әкімшілік соты.

Маңғыстау облысында белсенді Ұлболсын Тұрдиева “ұсақ бұзақылық” бабымен 5 тәулікке қамалды. Белсендінің өзі сот залынан шыққаннан кейін түсірген видеосында “Тоқаевтың “Жаңа Қазақстанында” сотқа келіп, ештеңе талап ете алмайсың. Бұзақы қылып қояды, қылмыскер қылып қояды” деп өзінің ұсталуын “саяси қудалау” деп атаған.

Сот қаулысында Ұлболсын Тұрдиеваның 28 қарашада Мұнайлы аудандық сот ғимаратында “жеке тұлғалардың намысына тиетін сөз айтып, өзгелерге құрметсіздік” көрсеткені жазылған. Ол өзіне тағылған айыпты мойындамаған.


Одан бөлек, Астанада “билік өкілінің талабына бағынбады” деген айыппен белсенді Сандуғаш Қаңтарбаева 15 тәулікке қамалды. Қамау алдында түсірген видеосында Қаңтарбаева "біржақты тергеп, 15 тәулікке қамады, қазір патруль көлігімен [әкімшілік қамауға алынғандарға арналған қамау орнына] әкетіп барады. Аштық жариялаймын" деді.

Сот шешімінде белсенді 20 қарашада әділет министрлігі ғимараты алдында "полицияның тарау туралы заңды талабына бағынбай, қарсылық көрсеткені" жазылған. Ол сотта өзіне тағылған айыптармен келіспеген.

20 қарашада Астанада тіркелмеген "Алға, Қазақстан" партиясы тіркеуге өтініш тапсырып, ізінше министрлік ғимаратындағы қоғамдық қабылдау бөлмесінде ақпарат құралдарына өздерін толғандырған мәселе туралы айтпақ болған кезде оларға полицейлер келіп, залдан шығуды талап еткен еді. Полиция 102 нөміріне "жұмысқа кедергі жасап жатқаны жөнінде" хабарлама келіп түскенін айтқан. Ал өтініш тапсырушылар "қаншама шенеуніктің Дубайдағы мүліктері туралы ақпарат шығып жатыр, неге соларды тергемейсіңдер, неге белсенділерді қудалайсыңдар?" деп ашуланған еді.

"Белсенділер экстремист емес” тобының хабарлауынша, 13 желтоқсанда Астанада белсенді Марат Мұсабаев та "полицияның заңды талабына бағынбау" (Әкімшілік кодекстің 667-бабы 2-бөлігі) бабы бойынша 20 тәулікке қамалған. Әзірге Азаттық сот шешімін көре алмады.

Бұған дейін петропавлдық белсенді Нұрбол Өнерханның да 15 тәулікке қамалғаны хабарланған еді.

Құқық қорғаушылар 16 желтоқсан қарсаңында белсенділерді қудалау күшейгенін хабарлаған. Ал билік өкілдері ақпаратқа түсініктеме берген жоқ.

Жалпы ресми Астанада елде саяси қудалау барын жоққа шығарады.