"Путинді Кремльден аластамақ" болған саха бақсысын дәрігерлік тексеруден өткізбек

Саха бақсысы Александр Габышев.

Саха бақсысы Александр Габышев.

"Путинді Кремльден аластау үшін" Мәскеуге жаяу жорыққа шыққан саха бақсысы Александр Габышевті билік өкілдері ұстап, оны психоневрологиялық диспансерде тексеруден өткізетінін хабарлады. Amnesty International құқық қорғау ұйымы бақсыны дереу босатуды талап етті. Бақсы жорығын бастаған наурыз айынан бері оны қолдаушылар еселеп көбейді.

МӘСКЕУГЕ ЖАЯУ ЖОРЫҚ

Ресей президенті Владимир Путинді "Кремльден аластату" мақсатымен наурызда шалғайдағы Саха республикасынан Мәскеуге жаяу жорыққа шыққан саха бақсысы Александр Габышевты "денсаулығында ауытқушылық бар-жоғын анықтау үшін" Якутскідегі психоневрологиялық диспансерде тексеруден өткізеді. Бұл туралы қыркүйектің 20-сы күні Саха республикасы денсаулық сақтау министрлігі таратқан ресми ақпаратта айтылған.

"Егер пациенттің бойынан ауытқушылық анықталса, оған білікті медициналық көмек көрсетуге дайынбыз. Қажет болса әлеуметтік қызметтер жұмылдырылады" деп хабарлаған министрлік.

Александр Габышев пен оның жақтастары. Бурятия, 12 қыркүйек 2019 жыл.

Александр Габышев пен оның жақтастары. Бурятия, 12 қыркүйек 2019 жыл.

Қыркүйектің 19-ына қараған түні Бурятия республикасы мен Иркутск облысы шекарасы тұсындағы Выдрино кенті маңында бақсыны бетіне маска тағып, арнаулы киім киген қарулы полиция қызметкерлері оны ұстап әкеткен еді. Габышевтың жақтасы Азаттыққа "Арнаулы қызмет жолды жауып, лагерьді қоршап, бақсының шатырына қарай беттеді. Онда шамамен ондаған адам болды" деп хабарлады.

"Настоящее время" сайтының дерегінше, Бурятия ішкі істер министрлігі Александр Габышевтың "Якутия аумағында қылмыс жасамақ болған" деген күдікпен ұсталғанын мәлімдеген, бірақ бұл іс жайлы қосымша ақпарат бермеген.

Халықаралық Amnesty International құқық қорғау ұйымы Ресей билігінен бақсыны дереу босатуды талап етті. Ұйым Александр Габышевты "ой-пікірін бейбіт жолмен білдірмек болғаны үшін қамалған ар-ождан тұтқыны" деп атады.

Саха бақсысы Александр Габышев 2019 жылғы наурызда "Путинді Кремльден аластау" үшін Якутскіден Мәскеуге жаяу жорығын бастаған.

Өзін "әскери бақсы" деп атайтын Александр Габышев заттары тиелген екі аяқты арбасын сүйреп 2019 жылы наурызда Якутск қаласынан жолға шыққан. Ол Мәскеуге президент Владимир Путинді "Кремльден аластау" немесе оның "өн бойын шайтаннан тазарту" мақсатымен баратынын мәлімдеген. Габышевтың пікірінше, "Ресей президенті қара күштен жаралған және онымен тек бақсы ғана күресе алады". Осыған дейін 2 мың шақырымға жуық жер жаяу жүрген Габышев жолшыбай жүздеген адаммен сөйлескен. Бақсының үгіт-насихат видеолары әлеуметтік желілерде тарап, миллион рет көрілген. Байкал өңірі мен Бурятияда Александр Габышев қатысқан митингілерге бірнеше жүз адам жиналған.

Саха бақсысы Александр Габышевтың Мәскеуге жорығы туралы видео (орысша):


БУРЯТИЯДАҒЫ НАРАЗЫЛЫҚ

Александр Габышевтың ұсталуына Ресейдің Бурятия аймағында да тұрғындар наразылық білдірді. Сонымен бірге, қыркүйектің 8-і күні Бурятия астанасы Улан-Удэ қаласының мэрін сайлау кезінде тіркелген көптеген заң бұзушылықтарға қарамастан, Кремль қолдаған үміткердің қала басшылығына сайлануы және бұған қарсылық білдірген белсенділерді полицияның қудалауы да наразылыққа әсер еткен.

Жағдайдың ушығуынан сескенген Бурятия губернаторы Алексей Цыденов халықты Facebook желісінде сабыр сақтауға шақырды.

Улан-Удэ қаласындағы наразылық Мәскеуде осы жазда өткен соңғы бірнеше жылдағы ең ірі қарсылық акциясымен тұспа-тұс келді. Мәскеуде Кремльді жақтайтын үміткерлер қыркүйектің 8-і күні сайлауда жеңіске жетті. Губернатор сайлауы өткен 16 өңірдің бәрінде билік қолдаған үміткерлер сайланған.

Сайлаудың ресми қорытындысымен келіспей, наразылық шеруіне шыққан тұрғындар. Улан-Удэ, Бурятия, 15 қыркүйек 2019 жыл.

Улан-Удэ қаласында өткен сайлауда “тәуелсіз” кандидат ретінде қатысқан билікті қолдайтын “Единая Россия” партиясының мүшесі жеңіске жетті. Сайлауға тәуелсіз кандидат ретінде қатысу - кандидаттардың партиямен байланысын жасыру үшін құрастырылған стратегия дейді сарапшылар.

"Единая Россия" партиясының рейтингі Ресейде зейнет жасын көтеру, қосымша құн салығын өсіру туралы заңдардың қабылдануы, ұзақ жолға жүк тасымалдаушыларға салық салу, қатты қалдықтарға қарсы күрес бойынша бірнеше қалада өткен наразылықты күшпен басудан кейін күрт төмендеп кетті.

Бурятия - Ресейдегі 83 аймақтың ішіндегі ең кедейі. Бурятия Ресейдегі табиғи минералдарға бай аймақ болғанына қарамастан, Росстат статистика агенттігінің дерегінше, 2017 жылы өлкедегі жұмыссыздық деңгейі 10 пайызға тақаған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Бурятиядан Кореяға кететіндер көбейді

Улан-Удэ мэрі сайлауында Шутенков жеңіске жеткеннен кейін оған "сайлауда заң бұзушылықтарға жол берді", "дауыс беру жәшігіне бюллетендерді топтап тастады" деген айыптар тағылды. Жаңа басшыны кінәлағандар қатарында Коммунистік партияның Иркутск облысындағы өкілі, қыркүйектің 8-і күні өткен сайлаудың ресми қорытындысы бойынша екінші орын алған Вячеслав Мархаев болды.

Ресей коммунистік партиясының Бурятиядағы бөлімшесінің жетекшісі, Улан-Удэ мэріне бұрынғы кандидат Вячеслав Мархаев (ортада) сайлаудың ресми қорытындысына наразылық акциясында тұр. Улан-Удэ, Бурятия, 10 қыркүйек 2019 жыл.

Мархаев - Мәскеуде тамыздағы наразылықты полицияның күшпен таратуын сынаған елдегі аз саясаткерлердің бірі. Қоғамдық тәртіпті сақтау қызметінің бұрынғы командирі Мархаев құқық қорғау қызметкерлерінің әрекетін "заңсыз әрі кәсіби этикаға сай емес" деп атады.

Қыркүйектің 9-ы күні Улан-Удэ қаласында "Бұл – мен қатысқан ең лас және жалған сайлау" деп мәлімдеп, жаңа сайлау өткізуді талап еткен Вячеслав Мархаевқа 200-ге жуық адам қосылды. Қала орталығындағы алаңда түні бойы тұрған наразыларды келесі күні полиция күшпен таратты. Наразылық акциясына қатысқан заңгер Баир Цыренов пен белсенді блогер Дмитрий Баиров тұтқындалды.

Наразылық қыркүйектің 12-сіне дейін жалғасып, полиция 17 белсендіні ұстады. "Новая газета" басылымының дерегінше, белсенділерді автобустан шығару үшін оларға көзден жас ағызатын газ шашқан полиция кейін "бізге көзден жас ағызатын құты лақтырды" деп наразылардың өзін айыптаған.

"КӨП ЖЫЛҒА ЖАЛҒАСҚАН ЗАҢСЫЗДЫҚ"

Қыркүйектің 15-іне жоспарланған наразылықтан бұрын Ұлттық гвардияның жергілікті командирі Виктор Хоржиров әріптестерін наразылықты күшпен басу туралы "заңсыз бұйрықтарды" орындамауға шақырды. Хоржиров жариялаған видео әлеуметті желіде тез тарап, оны тоғыз сағаттың ішінде 80 мың қолданушы қараған. Хоржиров Азаттыққа қыркүйектің 16-сы күні өзін басшылық түсініктеме беруге шақырғанын айтты.

"Бұл ісімінің салдары жаман болады деп іштей дайындалдым. Жұмыстан босатар деп ойлағам. Бірақ [видеода] жаман ештеңе айтқан жоқпын. Бар болғаны "Әріптестер, алаңға өзіміз сияқты қарапайым адамдар жиналады. Заңсыз әрекеттерге бармайық" деп айттым, - дейді ол.

Виктор Хоржировтың әріптестеріне үндеуі:

Хоржиров кейінірек видеоны бастықтарының талабымен емес, қыркүйектің 15-і күнгі наразылықта күш көрсету оқиғасы тіркелмеген соң, өшіріп тастаған. Хоржиров "Бұл видео дәл осы наразылыққа арнап жазылған болатын" деп түсіндірді.

Ұлттық гвардия офицері Бурятияда көп жылға жалғасқан заңсыздық пен әділетсіз өтіп келген сайлау халық наразылығына себеп болды деп санайды.

Билік наразылардың жаңа сайлау өткізу және қамауға алынған белсенділерді босату туралы талабын ескермегенге ұқсайды. Қыркүйектің 17-сі күні Алексей Навальныйдың жемқорлыққа қарсы қорының жергілікті бөлімшесін басқаратын Петр Дондуков 10 күнге қамауға алынды. Адвокат Максим Барлуков Азаттыққа Дондуковқа қыркүйектің 10-ы күні "жалғыз адамдық пикет өткізу арқылы наразылық ұйымдастырды" деген айып тағылғанын айтты. Наразылыққа қатысқаны үшін алты күнге қамалып, босап шыққан блогер және белсенді Баирова қыркүйектің 17-сі күні қайта тұтқындалған. Бұл жолы билік оны "2013 жылдан бері 1 миллион рубль алимент төлемеген" деп айыптаған.

Баиров пен Дундуков сондай-ақ бақсы Александр Габышевты ұстау және оның жақтастарын қудалауға қарсы наразылықты басқарған. Коммунистік дәуірде тыйым салынған, Бурятия өңірінің дәстүрінде кездесетін шаманизм Совет одағы тарағаннан кейін қайта жанданған. Қазір бақсылардың "Тенгери" жергілікті діни ұйымы Улан-Удэ бақсыларының заң жүзінде танылған ұйымы саналады. "Тенгери" ұйымының мүшелері тамыз айында Улан-Удэге жақын жерде Габышевпен кездесіп, оған Мәскеуге жорығынан бас тартпаса, бақсылықтан айырылатынын ескерткен.

Бақсы Александр Габышевтың Мәскеуге жорығының саяси мәні бар. Шілде айында ол Чита қаласында жеті жүз адамның алдында "Путинсіз Ресей" деген ұран көтеріп, Ресей президентін "адам емес, шайтан" деп атаған. Ол бейбіт наразылық акциялары Путиннің биліктен кетуіне әсер етпесе, "басқа әдістер" қолдануға дайын екенін мәлімдеген еді.