Газа секторы отқа орануда, ал АҚШ-тың жаңа сайланған президенті үнсіз отыр...

  • Есен СМАҒҰЛОВ
Израил Газа аймағын атқылауда, 4 қаңтар, 2009 жыл.

Израил Газа аймағын атқылауда, 4 қаңтар, 2009 жыл.

Таяу Шығыста болып жатқан қантөгіс әлем баспасөзінің алғашқы беттерінен түсер емес. Соғыс толқуы сағат сайын арта түсуде, бірақ бұған қатысты Барак Обаманың ұзаққа созылған үнсіздігі түсініксіз болып отыр.
Жексенбінің түнінде Израиль Газа секторында құрлық операциясын бастады. Әуеден, теңізден жасалған шабуылдар ондаған адамды құрбан етті. 12 адам Израиль зымыранының Бейт-Лахийе мешітіне соқтығысуынан құрбан болды. Акцияның екінші аптасында құрбан болған палестиндіктердің саны 460-қа жетті, оның үштен бірі полицейлер. Хамас зымыранынан Израильдің 4 адамы құрбан болған.
Британдық Observer апталығы соғыс тек қана әскери емес, ақпараттық майдан сипатына да айналды деп жазады.

Палестиндік құрбандардың саны 400-ден асса да Израиль әлем жұртшылығы алдында құрбан бейнесінде қалуға тырысып бағуда деп атап көрсетеді басылым. Ақпараттық майданға қолдау білдіру үшін Тель-Авив көптеген елшілер мен баспасөз өкілдерін іске қосты: «Үкіметтің ақпараттық басқармасы шетелдік бұқаралық ақпараттық құралдарының назарын Газа секторынан Израильге соңғы сегіз жылда ұшырылған 8500 зымыран мен сол зымыраннан өлген 20 адамға аударып бағуда, алайда Газа секторындағы жазалау блокадасында және осыдан үш жыл бұрын еврей қоныстанушылары Газа секторынан шығарылғаннан бері израильдықтардың шабуылынан қаза болған 1700 палестиндік туралы айтылмады».

Тель-Авив айтпағанмен, деректердің өзі –ақ бар жайдан хабар беріп тұр. Израиль зымырандары ақпан айында Джабати көшелерінде доп ойнап жүрген 8-14 жас аралығындағы 4 баланы өлтіріп кетті. Сәуір айында үйінде таңғы астарын ішіп отырған Мейасар Әбу-Метик пен оның төрт баласы да израильдік зымыранның құрбаны болды. Тіпті Израиль шабуылы құрбандарының бітімі кезінде де Газа секторында 22 адам құрбан болды деп жазады газет өз мақаласында.

Израиль бітімді бұзғаны үшін Хамасты айыптайды. «Газа секторына кірген Хамастың алты мүшесін Израиль әскерлері өлтіріп кеткен қараша айында-ақ бітімге қауіп төнген еді, — деп атап көрсетеді Observer. – Бұл оқиға АҚШ-тағы президент сайлауы күні болғандықтан ел назарына ілікпеді. Хамас бұған зымыран атқылау арқылы жауап берді. Тағы алты палестиндік келесі аптадағы израильдіктер шабуылы кезінде шейіт болды».

«Сақ Обама Таяу Шығысты күтуге мәжбүрлейді». Бұл Sunday Times-та шыққан мақаланың тақырыбы. Басылым Барак Обаманың Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты қандай да бір жария мәлімдеме жасаудан бас тартып отырғанын жазады.

«Трагедияға толы драматизмімен ерекшеленетін, бүкіл Жер шарының ашуын тудырып отырған Израиль-Палестина қақтығысына жаңадан сайланған президент қалай қарайды? Жауап: «өте жайбарақат», — дейді шолушы Эндрю Салливан. Оның пікірінше, мұндай жағдайдағы үнсіздік түңілдіреді: «Көптеген американдықтың көзіне Обаманың қайраткерлігі сайлаудан кейін жойылып кеткендей көрінді. Шынымен –ақ , ол не деп еді? Бірталай баспасөз мәслихатын өткізді, оның барлығы дерлік тағайындауға қатысты болды, яғни ешқандай жаңалығы жоқ. Оның сайлау науқанындағы айтқан қызыл сөзінен кейін біздің көбіміз құлазып қалдық».

Бұл тақырыпты немістің Sueddeutsche Zeitung газетінің шолушысы Христиан Вернике былайша жалғастырады: « Газа от құшағында, Израиль бомбасы күн сайын ажал оғын себуде, осыған қарамастан АҚШ тың сайланған президенті үнсіз: Барак Обама халықаралық аренада көрінуден қашып отыр».

Мақалада атап өтілгендей, Обама тікелей АҚШ тың құлдыраған экономикасын сақтап қалуға арналған бағдарламаға бақылау жасап отыр, сөйтіп, өзін халықтың қорғаушысы ретінде көрсетпек, алайда, Таяу Шығыстағы қантөгісті Ақ үйдің болашақ басшысы байқағысы келмейді. «Әлем тұра тұрсын. Әлі алдағы 17 күн бойына жер шары Америкада «бір ғана президент болуы тиіс» деген оймен өмір сүре тұрсын. Бұл президент Барак Обамаға Конституцияға сай сенімді түрде емін-еркін «өкінішке қарай, мен әлі құқығыма ие болған жоқпын» деп айтуына мүмкіндік береді,- деп кекетеді мақаласында шолушы.

Өзгерістер, егер ол шынымен болатын болса, онда әлем халқы оны 2009 жылдың 20 қаңтарында Вашингтон уақытымыен түсте, сағат 12-ге қарай естиді. Сол кезде ғана АҚШ- тың жаңа президенті өзінің мәртебесін алады. «Әзірше Обама өзінің барлық кеңесшілерімен бірге, Конституцияға сай үнсіздік ұстап отыр,- деп жазады Sueddeutsche Zeitung газеті - тек Вашингтон құпия түрде Иерусалимнен сабыр сақтауды талап етуде-бірақ, бұл израильдің танкілерін тоқтатуға қауқарсыз болып отыр».

Осы орайда тізгінді еуропалық белсенділер қолына алуды көздеп отыр. Guardian газеті "Газа секторындағы құрлықтағы операциялар басталудан аз ғана бұрын, Ұлыбританияның премьер- министрі Гордон Браун «тез арада және жедел түрде келісімге келуге» сонымен бірге, босқындарды құтқаруға арналған гуманитарлық көмек үшін шекараларды ашық ұстауға шақырды," - деп жазады.

БҰҰ- ның Бас хатшысы Пан Ги Мун Израилдің премьері Эхуд Ольмертпен телефон арқылы сөзінде «қатты алаңдаушылығы мен түңілгендігін» жеткізді.Таяу Шығысқа бітімгершілік мақсатымен жексенбі күні ағылшынның бұрынғы премьері Тони Блэр аттанды. Ал дүйсенбі күні Израилға Франция президенті Николя Саркози да бармақшы болған, бірақ Тель-Авив оның 48 сағат бойына гуманитарлық көмек көрсету үшін шекараны ашуын сұраған өтінішін қабылдаған жоқ.

. Он мыңдаған адам Израиль басқыншылығына қарсы шеруге шығуда,- деп жазады Австрияның die Presse газеті. Еуропаның үлкен-үлкен қалаларында жаппай шеру басталды. Парижде болған ірі шеруге полицияның есебі бойынша, 21 мыңнан астам адам қатысқан. Лондонда шеруге шыққандар Даунинг-стриттегі премьер-министрдің резиденциясына бәтеңкелер лақтырған. Палестина халқына қолдау көрсету мақсатындағы шерулер Зальцбургте, Майндағы Франкфуртте, Берлинде, Дюссельдорфта және Австрия мен Германияның басқа да көптеген қалаларында өтуде. Олар шеруге «Палестинаға бостандық берілсін», «Ажал оғын себуді тоқтатыңдар», «Біз бәріміз – палестиналықтармыз» деген ұрандар жазып шығуда.