Accessibility links

Мединский, форум және отаршылдық. Ресей Қазақстан тарихын жазуға қатыса ма?


Ресей президентінің көмекшісі Владимир Мединский және Қазақстан мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин. Коллаж.
Ресей президентінің көмекшісі Владимир Мединский және Қазақстан мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин. Коллаж.

Ресей президентінің Қазақстанға сапары аясында Астанада екі ел тарихшыларының форумы өтті. Бұл – Мәскеу мен Астананың тарих жөніндегі әріптестігінің ең кейінгі мысалы. Екі ел осы мәселені бұған дейін де талқылаған. Бұл нені білдіреді? Мәскеу қазақ тарихын жазуға араласқысы келе ме?

Ресей билігі бүгінгі саясатын негіздеуде тарихқа жиі сілтейді. Алдымен Қырымды басып алып, сегіз жылдан соң Украинаға үлкен күшпен басып кірген Мәскеу бұл елдің тарихын жоққа шығарады. Украина деген мемлекет болмаған, украин деген ұлт жоқ дегенге саятын мәлімдемені жиі айтады. Тіпті бір сөзінде Ресей президенті Владимир Путин қазақ мемлекеттілігіне де шек келтірген. Осы тұста Мәскеу мен Астананың тарих жазу ісіндегі белсенді әріптестігі Қазақстанда алаңдаушылық тудырып отыр.

26 қараша күні Астанадағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстан мен Ресей тарихшыларының біріккен форумы өтті. "Тарихи жад және тарихи білім беру: жаңа сын-тегеуріндер мен көзқарастар" деп аталған шараға қатысқандар қатарында екі елдің тарих институттарында жұмыс істейтін ғалымдарымен қатар саяси тұлғалар да бар. Мысалы, Қазақстаннан Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Астананың Мәскеудегі елшісі Дәурен Абаев болса, Ресейден Путин әкімшілігіндегі мемлекеттік саясат басқармасының жетекшісі Владимир Бочарников пен Ресейдің Қазақстандағы елшісі Алексей Бородавкин болған.

Қазақстан мен Ресей тарихшыларының біріккен форумы. Мінберде Қазақстан жоғарғы білім министрі Саясат Нұрбек. Астана, 26 қараша 2024 жыл. Фото Казправда сайтынан алынды.
Қазақстан мен Ресей тарихшыларының біріккен форумы. Мінберде Қазақстан жоғарғы білім министрі Саясат Нұрбек. Астана, 26 қараша 2024 жыл. Фото Казправда сайтынан алынды.

Форум жабық өткендей әсер қалдырды. Журналистерге алдын ала мәлімет таратылмады. Азаттық форумға қатысу үшін екі ел тарихшыларының жұмыс тобының Қазақстандағы жетекшісі, мәжіліс депутаты Еркін Әбілге хабарласты. Ол ұйымдастырушы емес екенін айтып, Еуразия ұлттық университетінен сұрауды өтінді. Университет баспасөз қызметі де тіркеумен айналыспайтынын, іс-шараны ұйымдастырушы "нақты кім екенін білсе", жауабын хабарлайтынын айтқан еді. Бірақ форум өтетін күнге дейін баспасөз хатшысынан жауап болмады.

Жиыннан аудио не видео трансляция жүргізілмеді. Шарадан соң баспасөз хабарламасы да жарияланбады. Қазақстандағы медиа ресурстардың ішінде форумның өткені жайлы ақпарат бір күннен кейін мемлекет қаржыландыратын "Казахстанская правда", екі күннен кейін "Литер" газетінде жазылды. Сосын Тарихшылардың ұлттық конгресінің Facebook парақашасында және Ресейдің Қазақстандағы елшілігінің Instagram-аккаунтында шықты.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің сайтында да бұл туралы ақпарат жоқ. Азаттықтың "Жиынның сонша жасырын өтуіне не себеп?" деген сұрағына нақты жауап бермей, шараны ұйымдастыруға Қазақстан үкіметі араласпағанын жазды. Министрліктің мәлімдеуінше, ұйымдастырушы – Тарихшылардың ұлттық конгресі.

Тарихшылардың ұлттық конгресі 2011 жылы Еуразия ұлттық университетінде құрылған. Конгресс құрамына кірген ғалымдар 2013 жылдан бастап Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев көтерген "Тарих ағымындағы халық" атты жобаны жүзеге асырумен айналысты. Жобаның басты мақсаты – ұлттың жаңа тарихи дүниетанымын қалыптастыру. Конгрестің құрылтайшысы әрі қазіргі жетекшісі – ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов.

ТАРИХТЫ САЯСИЛАНДЫРУ МА?

"Казахстанская правда" газетінің жазуына қарағанда, форумда Саясат Нұрбек сөз бастап, мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің сәлемхатын оқыған. Қарин бұл форум "тарихшы ғалымдар үшін білім алмасуға, заманауи тарихи ғылымның алдында тұрған өзекті мәселелерді талқылауға, сондай-ақ ғылыми байланыстарды нығайтуға бірегей мүмкіндік береді" деген.

Газеттің жазуынша, жиын басында Ресей президентінің көмекшісі Владимир Мединскийдің де жолдаған сәлемі баяндалған.

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин (оң жақта) Ресей президентінің көмекшісі Владимир Мединскиймен (сол жақта) кездесіп отыр. Астана, 29 қыркүйек, 2024 жыл.
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин (оң жақта) Ресей президентінің көмекшісі Владимир Мединскиймен (сол жақта) кездесіп отыр. Астана, 29 қыркүйек, 2024 жыл.

Мединский биыл 29 қыркүйекте Астанаға келіп, Қаринмен кездескен. Ақорда сайтындағы ақпаратта саясаткерлер екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық қарым-қатынасты нығайту туралы сөйлескені жазылған. Бірақ нақты не талқыланғаны айтылмаған.

Ресей тарихы жайлы бірнеше бестселлер кітап жазған журналист Михаил Зыгарь былтыр The New York Times газетінде жариялаған пікір бағанында Владимир Мединскийді Путиннің "көлеңке авторы" деп атап, ол "Путиннің атынан тарих туралы мәтіндер жазады" деген.

"Президенттің (Путиннің – ред.) тарихқа құмарлығы мен оны өз режимін ақтау үшін қолданатынын ескерсек, Мединский қазіргі Ресейде маңызды орынды иемденіп отыр", – деп жазды Зыгарь.

Владимир Путин (сол жақта) мен Владимир Мединский орыс тілі және мәдениеті жөніндегі жиында. Санкт-Петербург, 2016 жылғы желтоқсан.
Владимир Путин (сол жақта) мен Владимир Мединский орыс тілі және мәдениеті жөніндегі жиында. Санкт-Петербург, 2016 жылғы желтоқсан.

Жұмыс тобына кірмейтін, бірақ форумға қатысқан тарихшы Сұлтанхан Аққұлұлы жиында айтылған бір баяндамада бұрмалау болғанын айтқан. Оның сөзінше, қазақстандық тарихшының "Ресей империясы және Еуразия даласы" дейтін сол баяндамасында Қазақ хандығы туралы ешнәрсе айтылмаған. Аққұлұлы "бұл Қазақ хандығын, қазақ мемлекетін теріске шығару ма?" деп сұрақ қойғанын, ал баяндамашы "әсте олай емес" екенін түсіндіріп, ақталғанын айтты.

Еуразия ұлттық университеті жанындағы "Алаш" зерттеу институтына жетекшілік ететін Аққұлұлы форумда "ортақ тарихты бірге жазу" туралы бастама көтерілгенін айтады. Мұны Ресей ғылымдар академиясы жанындағы Ресей тарихы институтының өкілі қозғады дейді ол. Тарихшының сөзінше, ол өкіл "кеңес дәуірінде көп ұлтты халық өте бақытты тұрды, оны жаман дәуір деп айтуға болмайды" деген.

Сұлтанхан Аққұлұлы
Сұлтанхан Аққұлұлы

Дей тұрғанымен, Аққұлұлы "Ресейдің қысымымен тарихымызды бұрмалайын деп тұрған ешкім жоқ көрінеді, оны кеше мен анық сездім" деді.

Ғылым және жоғары білім министрінің Азаттыққа жолдаған жауабында форумда отарлау, отарсыздандыру, ашаршылық, алашордашыларды репрессиялау, жер аударылған азаматтардың еңбегін эксплуатациялау секілді тақырыптар қозғалмағанын мәлімеді. Жауапта "Қазақстан мен Ресейдің ортақ тарихына қатысты Ұлы отан соғысы мен тың игеру тақырыптары талқыланды" делінген.

Азаттық радиосы тарихшылар жұмыс тобысының Ресейдегі жетекшісі, Ресей ғылымдар академиясы жанындағы жалпы тарих институтының директоры Михаил Липкинге форумда айтылған сөздерге байланысты сауал жолдады. Одан бөлек, форумда Қазақстандағы деколонизация дискурсы туралы баяндама оқыған Мәскеу мемлекеттік университетінің доценті Елена Ларинаға да хат жіберді. Бірақ екеуінен де әзірге жауап жоқ.

Астанадағы Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары Бүркітбай Аяған да форумға қатысқан. Азаттықтың "тарихшылар форумына екі елдің жоғары лауазымды саяси тұлғаларының қатысуы жұмыс тобының саяси сипат алуына әкелуі мүмкін бе?" деген сұрағына ол "дәл қазір ондай қауіп жоқ" деп жауап берді.

– Әрине, тарих ғылымы жалпы саясатқа жақын. Қалай айтсаң да, одан қаша алмайсың. Ол қай елде болса да, сондай. АҚШ болсын, Жапония болсын, Қытай не Германия болсын. Бірақ дәл қазір бізге қысым көрсетіп тұрған күшті көріп тұрған жоқпын, – деді Аяған.

Тарихшының Қытай туралы мысалын даулау қиын, бірақ АҚШ, Жапония және Германия академиялық еркіндік орнаған ел саналады.

Топтың Қазақстандағы жетекшісі Еркін Әбіл форумда оқылған баяндамалар жақын уақытта түгел жарияланатынын айтты. Ол форумға дейін де, кейін де Азаттыққа сұхбат беріп, Қазақстан тарихы ұлттық мүддеге сай жазылатынын, Ресей оған араласпайтынын айтты, бірақ Мәскеу Қазақстан тарихының қалай жазылатынына не себепті алаңдайтынын түсіндіріп көрді.

Мәжіліс депутаты Еркін Әбіл
Мәжіліс депутаты Еркін Әбіл

– Ашығын айту керек, совет үкіметі мен саясатына қарсы деген Ресейге немесе орыстарға қарсы деген сөз емес. "Сталин кезінде бізді қанады, Алашорданы құртты" деп қазіргі Ресейге кінә артсақ, ол бізге ешқандай пайда алып келмейді. Олар (Ресей – ред.) содан қорқып жүр. Әлгі бізді Украина сияқты "Совет одағы осылай қылмыс жасады, енді бүгінгі Ресей соған жауап берсін" деп, соны талап етеді деп, содан қорқып жүр. Ал енді сол қылмыстарға, шындықты айту керек, соларға қатысты өзіміздің қазақтар да болған, – деді мәжіліс депутаты.

Азаттықтың "Тарихшылар тобы Ресейдің өзіңіз айтқан алаңдаушылығынан құрылған жоқ па?" деген сұрағына Әбіл: "Бастаманы көтерген біздің жақ болды, себебі бізге мына [Ресейдегі] архивтерге кіру кішкене қиындау болып кетті" деп жауап берді.

27 қарашада Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Ulysmedia басылымына берген шағын сұхбатында тарихты көрші елмен ортақтасып жазу жоспарда жоғын айтып, жұмыс тобын "таза ғылыми байланыс" деп түсіндірген. Ал Азаттықтың форумға екі елдің жоғары лауазымды саясаткерлері қатысуының астарына қатысты сауалына министрлік өкілі "бұл маңызды ғылыми форумда жиі болып тұратын қалыпты тәжірибе" деп жауап берді.

ЖҰМЫС ТОБЫ НЕМЕН АЙНАЛЫСАДЫ?

6 қараша күні Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров Астанаға екі күндік жұмыс сапарымен келіп, Қазақстандағы әріптесі Мұрат Нұртілеумен кездесті. Ол жиыннан кейін баспасөз брифингіне қатысып, "тарихшылардың біріккен жұмыс тобын құру келісімі жасалды" деп мәлімдеді.

Мәжіліс депутаты Еркін Әбіл Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров шатасып айтқан болуы мүмкін, мұндай топ бұрыннан бар дейді. Бірақ Әбіл бұл топ 2018 жылы құрылған десе, Бүркітбай Аяған 2015 жылы құрылған дейді. Еркін Әбіл екі ел тарихшыларының қазақстандық тобына жетекшілік етуді 2022 жылы бастаған. Оған дейін бұл жұмысты Бүркітбай Аяған атқарған.

Бүркітбай Аяған
Бүркітбай Аяған

Ғылым және жоғары білім министрлігі де "жұмыс тобы 2018 жылы Мемлекет тарихы институты (Астана) мен Жалпы тарих институтының (Мәскеу) бастамасымен құрылды" деп жазды.

– Ресейде жалпы тарих институты деген бар. Ресейдегі белгілі тарихшы, академик Александр Чубарьяннан хат келіп түсті. Сосын ақылдасқаннан кейін, бұл платформаны қостайық деп айттым. Содан [тарихшылардың] жұмыс тобы деген құрылды, – деді Бүркітбай Аяған.

Тарихшының айтуынша, 2015 жылы "Ұлы Отан соғысының" аяқталғанына 70 жыл толғанына орай қазақ және орыс тарихшылары бірігіп "Мызғымас халық. Ортақ жеңістен ортақ тарихи жадыға дейін" атты кітап шығарған. Аяған кітапты Ресей қаржыландырды дейді. Ресей жағынан кітапқа қосалқы автор болған Михаил Липкин қазіргі жұмыс тобындағы Ресей тарихшыларына жетекшілік етеді.

Кейінгі ондаған жылда қазақстандық тарихшылар мен сарапшылар "Ұлы Отан соғысы" ұғымынан бас тарту қажетін, оның орнына "Екінші дүниежүзілік соғыс" ұғымын қолдану керегін жиі айтып жүрген. Бұл да Ресей билігінің қытығына тиетін мәселеге айналды.

Тарихшы Сұлтанхан Аққұлұлы Кремль ұлықтайтын "Ұлы Отан соғысы" ұғымында "ұлы орыс әлемі" деген насихат жатыр дейді.

– Ол соғысты (Екінші дүниежүзілік соғыс – ред.) бастауға Совет одағының өзі де атсалысты. Тек нацистік Германияның 1941 жылдың 22 маусымында Совет Одағына бас салған сәтінен емес, 1939 жылы Совет одағының Финляндияға басып кіргенінен, Польшаны бөліп алғанынан, Молотов-Риббентроп пактіне қол қойғанынан бастап, бәрін түгел жазу керек, – деді ғалым.

20-ғасырдағы алапат соғысқа келгенде Ресейдің ұстанымы қазақстандық тарихшылардың көзқарасынан бөлек екенін Бүркітбай Аяған да қуаттайды.

– Әрине, олардың (Ресей ғалымдарының – ред.) концепциялары сәл басқашалау, насихатқа жақындау сияқты болды. Бірақ [мен] бұл соғыс үлкен трагедия деп айттым, – деді Аяған. – Біз анау батыр, мынау батыр дегенді қайталай бермей, өте ауыр кезең ретінде қарайық дедім.

Мәжіліс депутаты Еркін Әбіл бұған келіспейді.

– Жеңістің 80-жылдығы жөнінде әңгімені қозғаған кезде "Бұл Қазақстанның да жеңісі, тек Ресейдің емес" деген біздің негізгі айтып жүрген әңгімеге [тоқталамыз]. Сонымен бірге бұл фашизмге қарсы күрестегі бүкіл әлемнің жеңісі... Ол біздің тарихи жадымыз. Біздің ата-әжелеріміз сол жерде соғысты. Оны ұмытуға болмайды, – деді ол Азаттыққа.

Әбілдің айтуынша, келесі жылы "Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 80-жылдығына орай" екі елдегі мектеп оқушылары арасында байқау өтпек, бұл бастаманы Ресей ғалымдары көтерген.

Азаттық тілшісінің: "Мектеп оқушылары арасында байқау ұйымдастыру жас ұрпақты Кремль пропагандасына душар ету емес пе?" деген сауалына Еркін Әбіл "Ұлы Отан соғысындағы жеңіс – біздің де жеңісіміз" деп жауап берді.

Тарихшылар жиынына дейін, нақтырақ айтқанда 18 қараша күні Мәскеуде бірінші рет "Ресей-Қазақстан" медиа форумы өтті. Оған қатысқан Қазақстан делегациясына мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин жетекшілік еткен. Форум аясында өткен дөңгелек үстел кезінде келесі жылы "Ұлы Отан соғысының 80-жылдығын тойлауға дайындық" туралы да сөз болған. Қарин мерейтойға дайындықтың маңызы туралы президент Тоқаев та айтқанын еске салған.

Мәскеудегі парадқа қатысқан мемлекет басшылары (солдан оңға қарай): Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Ресей президенті Владимир Путин. Артқы қатарда оң жақтағы – Армения премьер-министрі Никол Пашинян. 9 мамыр, 2022 жыл.
Мәскеудегі парадқа қатысқан мемлекет басшылары (солдан оңға қарай): Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Ресей президенті Владимир Путин. Артқы қатарда оң жақтағы – Армения премьер-министрі Никол Пашинян. 9 мамыр, 2022 жыл.

Ресей президенті Путин 27 қараша күні Астанаға Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының кезекті сессиясына келгенде президент Тоқаевты "Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 80-жылдығын" тойлауға Мәскеуге шақырды.

"2025 жылы бізді тағы да маңызды мерейтойлар күтіп тұр – Ұлы жеңістің 80 жылдығы мен "Байқоңыр" ғарыш айлағының 70 жылдығы. Осы атаулы күндердің құрметіне мерекелік іс-шаралар өткізуге келістік. Көріп отырғаныңыздай, екіжақты күн тәртібі нақты бастамалармен және жаңа қызықты жобалармен тұрақты түрде толығып келеді, – деді кездесуден кейін Тоқаев.

ЕКІ ЕЛДІҢ САЯСИ КОЛЛАБОРАЦИЯСЫ

2019 жылғы 3 сәуірде президент постына келгеніне небәрі екі апта толғанда Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуге барып, Ресей президентімен кездескен. Сол жолы екі ел басшысы ортақ тарихты "қаралауға" жол бермеу туралы келісім жасасты.

Ал 2022 жылғы 28 қарашада Тоқаев Мәскеуге тағы барып, Қазақстан мен Ресей арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл құрметіне арналған декларацияны қабылдады. Кремль сайтына жарияланған құжаттың 37-тармағында Ресей мен Қазақстанның ортақ тарихын бұрмалауға, қайта жазуға және қаралауға жол берілмейтіні және Екінші дүниежүзілік соғыстың тарихи шындығын сақтайтыны жазылған.

Тарих ғылымының докторы, академик Хангелді Әбжановтың айтуынша, 20-ғасырдағы қазақ тарихының Ресейдің қазіргі билігіне ұнамайтын тұстары бар. Әбжанов ашаршылық не Семей полигоны секілді "трагедияларға келгенде, біз [Ресеймен] компромиске бармауымыз керек" деген пікірде.

– Біз [Ұлы Отан соғысына қатысты] ақиқаты басым болатын жағында тұруымыз керек. Әйтпесе, Түркістан легионын "сатқындар легионы" деп, Харьков түбіндегі қазақ қасыретін "[соғыстағы] қалыпты жағдай" деп айтуымыз керек болады. Біз олай ақиқатқа жетпейміз, – деді Әбжанов.

Тарихшы "Харьков түбіндегі қазақ қасыреті" деп Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Украинаның Харьков қаласының оңтүстігінде №106 Ақмола қазақ атты әскер дивизиясы құрамының басым бөлігі қырылғанын айтып отыр. Оқиға тарихта "Харьков түбіндегі қоршау" (орысша Харьковский котел) деген атаумен қалған.

ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫНЫҢ КӨП ТОМДЫҒЫ

Президент Тоқаев 2022 жылы Ұлытауда өткен ұлттық құрылтай кезінде Қазақстан тарихының көп томдығы әзірленіп жатқанын мәлімдеген. Ол биылғы құрылтайда сол көп томдықты тағы сөз етіп, жобаға Қазақстаннан 250, шетелден 60 маман жұмылдырылғанын айтқан.

Бастапқыда жинақ 2024 жылы шығуға тиіс еді. Бірақ кейін көптомдық келесі жылдың жазында шығатыны белгілі болды. Былтыр 27 қыркүйекте жинақ басылымын әзірлеумен айналысатын орталықтың жетекшісі Алтын Уалтаева жаңа жинақта мемлекет тарихы заманауи көзқараспен баяндалатынын айтқан.

Атап айтқанда, жинақтың бесінші томында Қазақстандағы отарлау саясаты туралы жазылған.

"Біз совет дәуірінде Қазақстанның КСРО құрамына кіруін ерікті акт деп айтуға үйрендік. Сол кезеңде билік болуы мүмкін конфликтілерді жұмсартуды мақсат етті. Әртүрлі халықтардың ассимиляциясы ерікті сипатта деп көрсетілді. Ол кезде КСРО басшылығы осындай саяси бағыт ұстанған еді. Бүгін біз бұл саясатты қазақ қоғамының көзқарасымен, осы саясаттың бізге тигізген теріс салдарын ескере отырып қайта қарауға мәжбүрміз", – деген Уалтаева.

Ресейлік ТАСС агенттігінің жазуынша, Уалтаева сондай-ақ жаңа кітапта Совет одағы тұсындағы жағымды өзгерістер де қамтылады деген.

3 желтоқсанда мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин әлеуметтік желіде Қазақстан тарихы туралы көптомдықты редакциялау жұмысы басталғанын мәлімдеді. Қариннің жазуынша, келесі екі аптада жобаға қатысып жатқан ғалымдар жеті томдықтың алғашқы қолжазбасын оқып шығады.

РЕСЕЙДІҢ "ЖАҢА ТАРИХЫ"

2021 жылғы 12 шілдеде Кремль сайтында Ресей президенті Владимир Путиннің мақаласы жарияланды. Тақырыбы: "Орыстар мен украиналықтардың тарихи бірлігі".

Мақалада Кремль басшысы көне заманнан бүгінге дейінгі тарихқа қатысты көзқарасын білдіріп, екі ел бір болғанын, Украина атауы көне орыстың "окраина" сөзінен шыққанын меңзеп, "бұрыннан Ресей территориясы болғанын" айтады. Одан бөлек, автор Украина большевиктер "шекараларды қалауынша сызып", жомарттық танытып, "сыйлықтар" үлестірген кезде қалыптасты деп жазған.

Оқушылар Ресейдің жаңа тарих оқулығын қызықтап тұр. 2023 жылғы тамыз, Ресей аннексиялаған Луганск.
Оқушылар Ресейдің жаңа тарих оқулығын қызықтап тұр. 2023 жылғы тамыз, Ресей аннексиялаған Луганск.

Кейінгі жылдары Ресей президенті Путиннің сталинизм мен большевизмді ақтай сөйлейтіні де жиі байқалды. Соның әсерінен Ресейдегі Волгоград қаласын қайтадан Сталинград деп атау керек дейтін бастамалар да жиі көтеріле бастады.

1989 жылы Ресейде жүргізілген социологиялық зерттеуде маңызды ресейліктер тізімінде Сталин небәрі 12 пайызбен ең төменгі орын алса, 2023 жылы Левада-Центр өткізген сауалнамада Ресей халқының 47 пайызы Сталинге құрметпен қарайтынын мәлімдеген.

Ресей журналисі Андрей Колесников америкалық The Washington Post басылымына жазған пікір бағанында "Путиннің тарихи риторикасы барған сайын Сталиндікіне ұқсап келеді" деп жазды.

Ағылшын жазушысы Ричард Коэн Smithsonian журналына жазған мақаласында Путиннің тарихты бақылауға алуға 2008 жылы кіріскенін айтты.

Сол жылы Ресейдің Бас прокуратурасы Санкт-Петербургтегі "Мемориал" құқық қорғау ұйымының кеңсесіне басып кіріп, 50 мыңнан астам қуғын-сүргін құрбандары туралы ақпарат сақталған 12 қатқыл дискті және 1917-1960 жылдар аралығына қатысты тарихи құжаттарды тәркіледі.

"Мемориал" ұйымы 1987 жылдан бері сталиндік қуғын-сүргін бойынша зерттеулер жүргізіп келген. 2021 жылы Мәскеу соты "шетел агенті" туралы заңды бұзды деп, ұйымның жұмысын тоқтатты.

Ал 2022 жылы "Мемориалға" бейбітшілік санаты бойынша Нобель сыйлығы табыс етілді.

2021 жылғы 17 мамырда Ресейдің мемлекеттік думасы Совет одағының нацистерді жеңудегі рөлін жоққа шығаруға тыйым салатын заңды мақұлдады. Бұл заңға сәйкес, совет халқының нацистік Германияны ойсырата жеңуде шешуші рөл атқарғанына күмән келтіруге болмайды.

Ал 2022 жылдың сәуірінде Ресей президенті КСРО-ны нацистік Германияға теңестіргендерді жауапқа тартуды көздейтін заңға қол қойды.

Кремльдің көзқарасы 2023 жылы Ресей мектептеріне арналып басылған жаңа тарих оқулықтарына енді. Ал биыл қыркүйекте 5-9 сынып оқушыларына да жаңартылған тарих оқулығы жаппай таратылды. Кітаптардың негізгі авторы – Путиннің көмекшісі Владимир Мединский.

Британдық BBC арнасының жазуынша, жаңа оқулықтарда 1960-жылдары Совет одағында өмір "жайлы" болғаны, ал Михаил Горбачев одақты ыдыратқан "біліксіз басшы" болғаны жазылған. Сондай-ақ, кейінгі 20 жылда Украинада "неонацизм мен анти-Ресей сентименті өрбігенін" қосқан.

Путин бір сөзінде Қазақстанның мемлекеттілігі жайлы да кереғар пікір білдірген. 2014 жылы ресейлік жастар форумында Путин Қазақстанның сол кездегі президентін мадақтай отырып: "Ол ешқашан мемлекет болмаған аумақта мемлекет құрды. Қазақтарда ешқашан мемлекеттілік болмаған" деген. Бұған жауап болды ма, жоқ па – Ақорда келесі жылы "Қазақ хандығының 550 жылдығын" атап өтті.

Еркін Әбілдің айтуынша, тарихшылардың жұмыс тобында қазір екі елден 14 ғалымнан бар. Қазақстан құрамында Еуразия ұлттық университеті мен Букетов атындағы Қарағанды университеті ғалымдағы және Ғылым және жоғары білім министрлігі жанындағы Шығыстану институты мен тағы бірқатар тарихи институттардың жетекшілері бар. Оның сөзінше, жұмыс тобы кейінгі алты жылда екінші дүниежүзілік соғысқа қатысты бірінеше монография мен деректер жинағын жариялап үлгерген. Жұмыс тобының ендігі кездесуі алдағы жылы жазда Ресейдің Қазан қаласында өтеді дейді ол.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG