Accessibility links

 
"Ерікті түрде" ақша аударуға мәжбүрлейді". Шешенстанда қайырымды Қадыров образын қалай жасайды?

"Ерікті түрде" ақша аударуға мәжбүрлейді". Шешенстанда қайырымды Қадыров образын қалай жасайды?


Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров (ортада) жаңа мешіттің ашылу рәсімінде жасын сүртіп тұр. Курчалой қаласы, 5 қазан 2009 жыл.
Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров (ортада) жаңа мешіттің ашылу рәсімінде жасын сүртіп тұр. Курчалой қаласы, 5 қазан 2009 жыл.

Шешенстан билігі Құрбан айт мейрамы кезінде қой тарату акциясын өткізді. Республика басшысы Рамзан Қадыров әкесінің атындағы қор 55 мың қойға қаражат бөлгенін айтты. Оның 12500-і Сауд Арабиясында тұратын мұқтаж адамдарға жіберілген.

ЭФИРГЕ ШЫҚҚАН ҚОЙЛАР

Шешенстан биылғы Құрбан айт кезінде Украинадағы соғыста немесе басқа да жағдайда қаза тапқан және жараланған күш құрылымдары қызметкерлерінің отбасы мен мұқтаж жандарға арнап қайырымдылық шарасын өткізді. Акция аясында қой сатып алуға кемінде елу миллион рубль жұмсалған.

Құрбан айт кезінде базардан қой сатып алып жатқан адамдар. Шали, Шешенстан, 9 шілде 2022 жыл.
Құрбан айт кезінде базардан қой сатып алып жатқан адамдар. Шали, Шешенстан, 9 шілде 2022 жыл.

Құрбан айт мейрамы кезінде өткізілген акция кең көлемді ақпарат науқанымен қатар жүрді: мемлекеттік басылымдар шара жайлы жарыса хабарлады. "Грозный" телеарнасы акция туралы сюжеттерді прайм-тайм уақытта көрсетті. Телеарна 8 шілдедегі кешкі жаңалықтарда іс-шара жөнінде бірден үш сюжет көрсетсе, ертеңіне қой тарату туралы сегіз минутқа созылған репортаж берді. 12 шілдеде тағы екі сюжет эфирге шықты.

Телеарна Қадыров қорының көмегі Старые Атаги ауылында тұратын Құрайыш әулетінің ұрпағына да жеткенін хабарлады. (Ежелгі Меккеде билеуші тайпа болған. Мұхаммед пайғамбар осы тайпадан шыққан ред.)

Қадыров қоры өткізетін қайырымдылық шараларын насихаттауға жергілікті билік ерекше мән береді.

Қадыров қоры жылда мұсылман мейрамдары мен ислам күнтізбесіндегі басқа да айтулы күндері қайырымдылық шараларын өткізеді және жергілікті билік оның кеңінен насихатталуына ерекше мән береді. Мысалы, қор Мұхаммед пайғамбардың туған күні құрметіне кедей отбасыларға тонналап ұн, күріш, қант пен ет таратқан. Сонымен қатар Кавказ соғысына қатысқан сопы шейх Кунта қажы Кишиевтың туған күнінде, Рамазан айында, Ашура мерекесінде, Арафат және басқа да айтулы күндерде сондай іс-шаралар өткізген.

Бұл акциялардың бәріне Ахмат Қадыров атындағы қордың қаражат бөлгені айтылады. Бұл қор – елдегі ең күмәнді және жабық ұйымдардың бірі. Осы қорға қаражатты "ерікті түрде" салуға мәжбүрлейтіні де бірнеше мәрте айтылды. Ресейлік "Коммерсант" газеті ұйым бюджеті жергілікті мемлекеттік қызметкерлердің жалақысының бір бөлігі мен басқа да төлемдерден, кәсіпкерлер берген қаражаттан құралатынын айтады. Республика басшысы бұл ақпаратты жоққа шығарып, халық қорға тек ерікті түрде ақша салады дейді. Ал БАҚ қаржыландыру мен қор шығынының күмәнді екенін айтып, оны Рамзан Қадыровтың "балама қазынасы" деп те атайды.

Қайырымдылыққа мұндай жолмен ақша жинау исламға қайшы және харам саналады дейді исламтанушы, Ресей университеттерінің бірінің ғылыми қызметкері. Ол аты-жөнін атамауды өтінді.

"Ислам талаптары бойынша бұл дұрыс емес. Оған сәйкес, адам ең алдымен өз отбасына қамқор болуы керек. Оны мүмкіндіктерден, қаржы көзінен айырмауы керек. Этика нормаларын айтпаған күннің өзінде, бұл дұрыс емес. Мұны қысым көрсетіп істетіп отырғаны түсінікті ғой" дейді ол.

Исламтанушы мұсылмандардың зекет беру міндеті барын, бірақ бұл мәселеде әр адам өзі шешетінін және оны үшінші тарап қайырымдылық жасауға мәжбүрлей алмайтынын айтады.

ШЕТЕЛДЕГІ МҰСЫЛМАНДАРҒА КӨМЕК

Ұйым шетелдегі мұсылмандарға да көп көңіл бөледі және ол туралы міндетті түрде хабарлап отырады. 2016 жылы Рамазан айы біткенше Қадыров қоры Сирияның 25 мыңнан астам тұрғынын тамақтандырып отырған. Бұл көмек туралы Ресей басылымдары да, сыртқы істер министрлігінің өкілі Мария Захарова да айтқан. Жалпы алғанда, ораза кезінде Сирияның 20-600 мың тұрғыны көмек алған.

2017 жылғы қыркүйекте Қадыров қоры Сирияның Алеппо қаласындағы Омейяд мешітін қалпына келтіруге 14 миллион доллар бөлгені жайлы Махмуд Акем қаласының мүфтиі хабарлаған. Бірақ Сирияның "Баляди ньюз" деген оппозициялық сайты мешітті қалпына келтіру Башар Асадтың режимін қаржыландыру үшін айтылған сылтау ғана деп жазды.

2019 жылғы ақпанда Сирияның Хомс қаласында Халид ибн Уалид атындағы мешіт те осы қордың ақшасына ашылғаны хабарланды.

2021 жылғы мамырда қор Мьянма билігінен қашқан рохинжа мұсылмандарына да азық-түлік жіберген. Бұл туралы хабарланған сюжеттердің бірінен Бангладеш қаласындағы босқындардың Ахмат Қадыров бейнеленген Шешенстан туының жанында тамақтанып отырғанын көруге болады.

Шешенстан басшысы Рамзан Кадыров (ортада) халық шығармашылығы фестивалі кезінде дастархан басында отыр. Беной ауылы, Ножай-Юрт ауданы, Шешенстан. 23 маусым 2022 жыл.
Шешенстан басшысы Рамзан Кадыров (ортада) халық шығармашылығы фестивалі кезінде дастархан басында отыр. Беной ауылы, Ножай-Юрт ауданы, Шешенстан. 23 маусым 2022 жыл.

Бұған дейін Шешенстан билігі Грозный қаласының орталығында Мьянмадағы мұсылмандарды шеттетуге қарсы митинг те ұйымдастырған. Сол кезде Ресей БҰҰ-ның Мьянмадағы шиеленісті реттеу туралы резолюциясын енгізуге вето салғандықтан, халық Қадыров пен оның айналасындағыларды "екіжүзді" деп атаған еді. БҰҰ дерегінше, 2017 -2018 жылдар аралығында Мьянмадан Бангладешке 700 мың мұсылман қашқан.

"Кавказ халықтары ассамблеясының" басшысы Руслан Кутаев Шешенстан халықаралық қайырымдылық акцияларын имиджге бола өткізеді дейді.

"Шешенстан республикасы – Ресей федерациясындағы қатардағы өңір емес. Қадыров кейінгі жылдары өзін халықаралық құқық субъектісінің басшысы ретінде көрсетіп жүр. Сондықтан оған халықаралық акцияларға байланысты кез келген тақырып өте маңызды. Басқа елдерде кез келген халықаралық қайырымдылық акциясын өткізу арқылы ол осындай адам бар, осындай қор және республика бар дегісі келетіндей" дейді құқық қорғаушы.

Кутаев кез келген дін "көзбояу үшін жасалған қайырымдылықты" құптамайтынын және "тұрмыстық тұрғыда да мұның оғаш көрінетінін" айтады.

Шешенстан телеарналарынан ең көп көрсетілген іс-шара – коронавирус пандемиясына байланысты шектеу шаралары кезінде Қадыров қорының азық-түлік таратқаны болды. Бұл туралы жергілікті баспасөз құралдары да, әлеуметтік желідегі парақшаларында шенеуніктер де жазып отырды. Ең қатаң шектеу шаралары кезінде Шешенстан бойынша 2 351 965, Ресей аудандарында 117 214, шетелдерде 42 967 азық-түлік жинағы таратылған.

Ахмат Қадыров атындағы қор жыл сайын мешіт, медресе мен хафиз мектептерін ашып жатады. Бұған дейін Кавказ.Реалии Шешенстандағы медресе ұстаздарының бірінің оқиғасын жариялаған еді. Жәбір көріп, елден кетуге мәжбүр болған ол Шешенстандағы ислам оқу орындарында тек билік қолдайтын исламның сопылық бағыты оқытылады, ал басқа ағым өкілдері қудаланады дейді.

Қор әртүрлі конкурс жеңімпаздарына да ақша таратады. Мысалы, Шали қаласында мешіт ашылған күні "Мұхаммед пайғамбарды дәріптеу" конкурсында жүлделі орын алғандарға 25, 50 және 100 мың доллар берген. Бұл конкурс Ахмат Қадыровтың туған күні құрметіне өткен. Қор Шешенстан басшысының анасы, Ахмат Қадыров атындағы қордың ресми президенті Аймани Қадырова туралы өлеңдер конкурсының финалистеріне де миллион рубль таратқан.

Рамзан Қадыровтың әкесі Ахмат Қадыровтың бейнесі салынған тудың астында, Шешенстан басшысының резиденциясы аумағында өткен әскери бөлімшелер мен техникалар байқауында тұрған сарбаз. Содан бір күн бұрын Ресей президенті Владимир Путин Ресей күштері Украина аумағында "арнайы әскери операция" бастағанын жариялаған. Грозный, 25 ақпан 2022 жыл.
Рамзан Қадыровтың әкесі Ахмат Қадыровтың бейнесі салынған тудың астында, Шешенстан басшысының резиденциясы аумағында өткен әскери бөлімшелер мен техникалар байқауында тұрған сарбаз. Содан бір күн бұрын Ресей президенті Владимир Путин Ресей күштері Украина аумағында "арнайы әскери операция" бастағанын жариялаған. Грозный, 25 ақпан 2022 жыл.

Жергілікті телеарналар мұндай акцияларды міндетті түрде көрсетеді, бірақ Қадыровтан көмек сұраған тұрғындарды мінейді. Гехи ауылының тұрғыны республика басшысынан азық-түлік сұраған. Бірақ оны телеарналар бау-бақшасы бар, бірақ еңбек еткісі келмейтін адам деп көрсеткен. Шешенстанның тағы бір тұрғынын зейнетақысының өскенін "байқамай қалып", зейнетақы қорына шағымданғаны үшін кінәлаған.

Кутаев көмек сұраған мұқтаж адамдар "елде бәрі жақсы" деген картинаға кесірін тигізетіндіктен, оларды солай сөгеді дейді.

2018 жылы Кавказ.Реалии Ахмат Қадыров қоры құлағы естімейтін балаларға арналған интернат және Пионерский ауылындағы 120 орындық мектепті салған деп айтылғанымен, шын мәнінде ол ғимараттардың бюджет қаржысына салынғанын жазды.

Жергілікті баспасөз құралдары Қадыров қорының жаңа мекемелерге құрал-жабдықтар беретінін де жиі жазады. 2022 жылдың басында қордың өкпені жасанды желдету аппараттарын бергені айтылды. Бірақ ол құралдарды алуға бюджеттен 1,48 млн рубль бөлінгені анықталды. Қордың Аймани Қадырова атындағы ана мен бала денсаулығын қорғау орталығына кардиотокография, стерилизатор, операция үстелі мен төсектер сыйлағаны жайлы хабарлар тарады. Бірақ Шешенстан денсаулық сақтау комитетінің мемлекеттік сатып алу тізімінде тура осы тізімдегі құрал-жабдықтардың 119,2 млн рубльге сатып алынғаны көрсетілген.

* * *

2020 жылы күзде АҚШ қаржы министрлігі "Магнитский актісіне" сүйеніп, Қадыров атындағы қорды санкция тізіміне қосқан.

2021 жылы Ахмат Қадыров атындағы қор қаржы туралы есебінде ешқандай табыс түспегенін мәлімдеген. Қор басқарушылары дерегіне сенсек, 2019 жылы қорға 6 млрд рубль жиналған, ал кейінгі екі жылда ешқандай қаражат түспеген. Тіпті мақсатты шығындарға ештеңе жұмсамағанын айтқан. Сарапшылар коммерциялық емес ұйымның мұндай есебі "оғаш көрінеді" дейді.

Кавказ.Реалии сайтының журналисі Бека Ацаевтың материалынан аударылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG