Accessibility links

Татарстандағы дрон шабуылынан соң Qazaq Air Қазанға әуе қатынасын тоқтатты


Қазақстандық Qazaq Air әуе компаниясы 5 сәуірден бастап Ақтөбеден Татарстан астанасы Қазанға ұшақ қатынасын белгісіз уақытқа дейін тоқтата тұратынын хабарлады.

"Ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 2024 жылғы 5 сәуірден бастап Ақтөбе – Қазан – Ақтөбе бағыты бойынша әуе қатынасы тоқтатылады", – деп жазылған компанияның баспасөз қызметі 4 сәуірде таратқан хабарда.

Бұл ақпарат Татарстанның Алабұға және Нижнекамск қалаларындағы нысандарға әуеден дрон шабуылы жасалғаннан кейін екі күн өткенде таратылды.

Биыл 26 наурызда Qazaq Air әуе компаниясы 1 сәуірден бастап Ақтөбеден Қазанға аптасына екі рет – дүйсенбі мен жұма күндері ұшақ қатынай бастайды деп хабарлаған.

Ресейлік агенттіктердің дерегінше, 2 сәуірде Алабұғадағы нысандарға жасалған дрон шабуылынан кемінде 14 адам зардап шеккен. Сәрсенбідегі мәлімет бойынша, төртеуі әлі ауруханада жатыр. Зардап шеккендер арасында шетелдіктер, атап айтқанда Қырғызстан, Шри-Ланка, Зимбабве, Руанда, Конго, Кения, Нигерия және Оңтүстік Судан азаматтары бар.

Ресей Украинаға қарсы кең көлемді соғыс бастағалы бері Татарстан аумағы алғаш рет дрон шабуылына ұшырады. Ол жерден Украина-Ресей шекарасына дейінгі қашықтық бір мың километрден асады.

2023 жылы тамызда Ресей астанасындағы "Москва-Сити" іскерлік орталығына жасалған дрон шабуылынан кейін бір аптадан соң Қазақстанның азаматтық авиация комитеті ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Ресейге тұрақты және чартерлік рейстері қатынайтын әуе компанияларын қауіп-қатерді "өзіндік бағалау" жүргізу, оларды азайтуға бағытталған шаралар қабылдау қажет деп нұсқау берген.

  • Киев Татарстанға жасалған дрон шабуылына жауапкершілікті мойнына алатыны туралы ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Украиналық басылымдар дерек көздеріне сүйеніп, 2 сәуірде Татарстандағы кәсіпорындарға дронмен жасалған шабуылды Украина қарулы күштері мен әскери барлауы іске асырған деп хабарлады. Кейінгі апталарда Ресей аумағындағы мұнай өңдейтін оннан астам кәсіпорынға дрон шабуылы жасалып, салдарынан кейбірінің құрал-жабдығы бүлініп, істен шыққан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG