Accessibility links

 
Қаусап біткен, зорға тұр. Көрме өткізуге ақша шашқан үкімет жағдайы мүшкіл жылу орталықтарын жаңартуға қауқарсыз

Қаусап біткен, зорға тұр. Көрме өткізуге ақша шашқан үкімет жағдайы мүшкіл жылу орталықтарын жаңартуға қауқарсыз


Екібастұз қаласында жылу электр орталығындағы апат салдарынан бірнеше агрегат істен шыққан соң төтенше жағдай жарияланды. Павлодар облысы, 28 қараша 2022 жыл.
Екібастұз қаласында жылу электр орталығындағы апат салдарынан бірнеше агрегат істен шыққан соң төтенше жағдай жарияланды. Павлодар облысы, 28 қараша 2022 жыл.

Қазақстанда тозығы жеткен жылу электр орталықтары (ЖЭО) мен құбырлар істен шығып жатыр. Сарапшылар есебінше, әр өңірде бір-бірден ЖЭО салуға триллиондаған теңге керек. Қолданыстағы ЖЭО-ны жаңғыртуға да қомақты қаржы қажет. Бюджет ондай шығынды көтермейді. Қазақстан энергетикасын не күтіп тұр?

Күнге шағылысқан зәулім шар, 174 гектар жерді алып жатқан әйнек павильондар. Жаңа экологиялық технологиялар мен жаңартылатын энергия көздері туралы шоулар. 2017 жылы Астанада "Болашақ энергиясы" деген атпен өткен EXPO көрмесіне қыруар қаржы жұмсалды. Кей деректер бойынша, EXPO-ға екі миллиард доллардан астам ақша кеткен.

Expo-2017 көрмесіне арнайы салынған павильондар.
Expo-2017 көрмесіне арнайы салынған павильондар.

Содан бері бес жыл өтті, Қазақстан қалалары әлі өткен ғасыр энергиясымен өмір сүріп жатыр. 20-ғасырда салынған, көмір жағатын жылу электр станциялары әбден тозып, әзер жұмыс істеп тұр.

27 қарашада Павлодар облысындағы 130 мың халқы бар Екібастұз қаласының жылу электр орталығында апат болып, 30 градус аязда халық жылусыз қалды. 28 қарашада қалада төтенше жағдай режимі жарияланды. Тұрғын үйлердегі температура бірден 9-11 градусқа дейін түсіп кетті. Жылусыз қалған пәтер іші азынап, бірнеше күннен кейін нөлден төмен температура орнады.

Тұрғындар далаға шығып, аулаға от жағып, жылынуға тырысты. Жұрт үйіне жылытатын пеш қоса бастаған соң, электр желісі күрт көбейген артық салмаққа шыдас бермей, жарық сөніп қалды. Су құбыры мен кәріз жүйесі қатып, көпқабатты үйде тұратын адамдар ауыз суға зар болып, әжетханаға барудан қалды.

"10 күн болды жылу жоқ". Екібастұз тұрғындары далада жүргендерін айтады
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:37 0:00

Қарашаның басында Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында 20 мыңға жуық тұрғын дәл осындай жағдайды бастан өткерді. Риддерде де жылу электр орталығында апат болып, қалада төтенше жағдай жарияланған.

30 қарашада Қарағанды облысы Теміртау қаласында жылу желісінде болған апат салдарынан 58 көпқабатты үйге жылусыз қалды. 16 қарашада ондай үйлердің саны 82-ге жетті. Мыңнан астам адам жылыту маусымына дұрыс дайындалмаған шенеуніктерді жазалауды талап етіп, петицияға қол қойды.

4 желтоқсанда технологиялық ақаудан (қандай ақау екені белгісіз) Петропавл халқы да суық пәтерде бүрсеңдеуге мәжбүр болды.

Маңғыстау облысының орталығы Ақтау қаласының билігі 5 желтоқсанда жылу беруді тоқтатпау үшін ыстық суды өшіруге мәжбүр екенін хабарлады.

Қазақстанның әр аймағында осындай үлкенді-кішілі апат жиі болып тұрады.

"ҚАҒАЗ ЖҮЗІНДЕГІ МӘСЕЛЕ"

ЖЭО-да апат болуы мүмкін екені күнібұрын белгілі болған. Шығыс Қазақстан облысының билігі шілдеде премьер-министрге хат жазып, Риддердегі ЖЭО-ның жылыту маусымына дайын емесін хабарлап, нысанды кезектен тыс тексеруден өткізуді сұраған. Биліктің дабыл қағуына жылу электр станциясындағы жабдықтардың 90 пайыз ескіруі, көмірдің жоқтығы және бұған дейінгі апаттар себеп болған.

Риддер қалаcындағы жылу электр орталығы. Шығыс Қазақстан аймағының коммуникациялар қызметі жариялаған сурет. 7 қараша 2022 жыл.
Риддер қалаcындағы жылу электр орталығы. Шығыс Қазақстан аймағының коммуникациялар қызметі жариялаған сурет. 7 қараша 2022 жыл.

Энергетика басқармасы бұл мәселе қаралып жатқанын айтқан. Риддер ЖЭО-ның атқарушы директоры Рүстембек Қоңыров "жабдықтардың ескіруі ойдан шығарылған, қағаз жүзіндегі мәселе" деп мәлімдеген.

Бірақ елдегі кейінгі апаттар мәселенің қаншалықты ушыққанын көрсетті.

Екібастұздағы апат туралы да жазда айтылған. Павлодар облысы монополияға қарсы комитеті сарапшылар комиссиясының мүшесі Юрий Павленко тамызда президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасап, Екібастұздағы ЖЭО-на комиссия жіберуді сұраған.

"Екібастұз халқы биыл жылусыз қалуы мүмкін. Екібастұз ЖЭО апат алдында тұр. Құрал-жабдықтардың 95 пайызы тозған. Нысанды жөндеуден өткізуге субсидия бөлуі тиіс органдар неге өз міндетін орындамаған? Қол астыңыздағы адамдар Астанадан хабарласып, "Екібастұздағы жағдай шынымен ауыр ма?" деп сұрап жатыр" деген еді белсенді.

Жылусыз қалған Екібастұз қаласындағы көпқабатты үйдің ауласында тұрған мұз басқан автокөліктер. Павлодар облысы, 28 қараша 2022 жыл.
Жылусыз қалған Екібастұз қаласындағы көпқабатты үйдің ауласында тұрған мұз басқан автокөліктер. Павлодар облысы, 28 қараша 2022 жыл.

Бұл жағдай Көкшетауда да қайталануы мүмкін деген қауіп бар. Өйткені тозығы жеткен қазандықтар жартылай ғана жұмыс істеп тұр, көп ұзамай мүлде істен шығуы мүмкін.

"Қазандықтардың жағдайы тіпті нашар деп ойламадым. Жартылай ғана жылытатын пештер жарылып кеткен. Көмір мен мазутқа шығын өскен. Халық наразы" деді сенат депутаты Нұрлан Бекенов.

Қазандықтар жартылай ғана жұмыс істеп тұр деген шағымдар Өскемен, Семей, Шахтинск қалаларында да айтылған.

Қазақстандағы 37 жылу электр станциясының 43 пайызы 60 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келеді. Алматыдағы ең жаңа ЖЭО-ның өзіне 33 жыл болды. Семей, Алматы мен Балқаштағы ескірген станцияларға екі жылдан кейін 90 жыл толады. Бұл нысандардағы қаусаған құрал-жабдық зорға жұмыс істеп тұр: энергетика министрлігінің дерегінше, қазақстандық жылу электр станцияларындағы негізгі құрылғы 66 пайыз ескірген, кей қалалардағы көрсеткіш 80-90 пайызға жеткен.

Ресми дерек бойынша, жылу желілері 53 пайыз ескірген. Бұл елдегі жылу құбырларының жартысына жуығын ауыстыру керек деген сөз. Павлодар мен Екібастұздағы жылу құбырларының 87-88 пайызы тозған.

Өскемен қаласындағы жылу электр орталығы, Шығыс Қазақстан облысы, 1 желтоқсан 2022 жыл.
Өскемен қаласындағы жылу электр орталығы, Шығыс Қазақстан облысы, 1 желтоқсан 2022 жыл.

НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

Энергетика саласының еңбек сіңірген қызметкері Жақып Қайрошев апат болған нысандардың жылыту маусымына дайын деген төлқұжаты болғанын айтады.

– Билік жылыту маусымы басталған кезде энергетика компанияларының көбіне жұмысқа дайын деген төлқұжат берілгенін айтты. Бұл өте маңызды құжат. Мемлекеттік энергетика саласын бақылау комитеті осындай құжат беру арқылы бәрі жақсы болады деген кепілдік беріп тұр. Қазір комитеттің көп қызметін алып тастады. Тек энергетикалық бақылауға ғана жауап береді, бірақ нысандар жұмысын қадағалауға көңіл бөлмейді. Мәселе адамдардың өмір сүру сапасына келгенде, энергетикаға ақша үнемдеуге болмайды. Керісінше, энергетикалық бақылау комитетінің құзыретін кеңейтіп, апаттың алдын алып, ескертіп отыруына жағдай жасау керек, – дейді сарапшы.

Жақып Қайрошев басқа сарапшылар мен жылу электр станциясы басшыларының бұл салаға қаржы дұрыс бөлінбейді деген пікіріне қосылады.

– Екібастұз жылу электр станциясындағы бір жылда орындалуы керек ең төменгі инвестициялық бағдарлама үш миллиард теңге тұрады. Бірақ оларға 300 миллион теңгедей ғана қаржы бөлінеді. 300 миллион теңгеге не істеуге болады? Қазір трансформатордың өзі қымбат. Сондықтан инвестор қайда қараған деген сұрақ туады. Ол неге ақша құймаған? Инвесторлар әртүрлі болады. Келісімшартта ЖЭО-ға 100 миллиард теңге құюы керек деп жазылса, мәселе басқа. Бірақ ол қайырымдылық қоры емес қой, олар осы қаржыны қайтарып алғысы келеді, – дейді Қайрошев.

Екібастұз неге жылусыз қалды? Арнайы репортаж
please wait

No media source currently available

0:00 0:06:32 0:00

Бизнес жөніндегі кеңесші Жания Әділбек Facebook-та 2000-жылдардың басында Еуропалық қайта құру және даму банкінде жұмыс істеп жүргенде Финляндиядан келген сарапшылардың Қазақстанның энергетика жүйесін көріп қынжылғанын жазды.

Оның постында "2008-2013 жылдары Финляндиядан келген сарапшыларды жергілікті жылу электр станцияларына апардық. Олар тозған қазандықтар мен Совет одағынан қалған технологияларды, инвестицияның жоқтығы мен тарифтерді көтеруге қарсылықты сылтауратып, жабдықтарды жөндеуден өткізуге құлықсыздық танытқан басшылықты көріп таңғалды. Ол кезде 50 жылдан бері жұмыс істеп тұрған қазандықтарды ауыстыратын уақыт жеткен еді… Сарапшылар "Апат болуы мүмкін, бұл халық пен мемлекет үшін маңызды нысан емес пе, бұған қалай жауапсыз қарауға болады?" деп шырылдады. 2013 жылы Еуропалық қайта құру және даму банкінің бұрынғы өңірлік басшысы Жаннет Хекманмен Астанада өткен энергетикалық тиімділік туралы іссапардан қайтып келе жаттық. Оған жүйені өзгертуге тырысып, нәтиже шығара алмағанымызды айттым. Ол Алматыдағы жылу электр станциясының жауабына қатты қынжылды. Банк оларға экология мәселесін шешіп, мұржаларға сүзгі қоюды ұсынған еді" делінген.

Энергетика саласындағы сарапшы және KEGOK компаниясының бұрынғы басшысы Әсет Наурызбаев мемлекет жылу электр станциялары басшылығының жұмысын дұрыс қадағаламайтынын айтады.

– Біз өткен ғасырдың 80-90-жылдарынан асып кете алмадық. Әлі күнге Совет одағының технологиясын пайдаланамыз. Әлем ілгері дамып кетті. Нысандарды модернизациядан өткізуге болар еді. Бірақ энергетика саласында мемлекеттік реттеу әлсіз, компаниялар арасында бәсеке жоқ. Олар "бұрын қалай істесең, солай жалғастыра бер" деген ұранмен жұмыс істейді. Бұл нарық экономикасының талабына сай емес. Нысан иесіне құбырлар мен желілерді жаңартқанша, бұрынғысын сақтап қалған тиімді, – дейді Наурызбаев.

Сарапшының сөзінше, Қазақстандағы тарифтер экономикалық тұрғыдан емес, саяси тұрғыдан басқарылады.

– Қала әкімдері "Тарифті көтермейік, әйтпесе халық маған наразы болады" деп қысқа ойлайды. Халықты арзан тарифпен сатып алудың мәні жоқ. Арзан тарифтен байлар ғана пайда көреді. Тарифті көтеріп, кедейлерге мемлекет тарапынан әртүрлі көмек шараларын қарастырған жөн, – дейді сарапшы.

Жергілікті билік наразылықтан қорқып, тарифті көтермеу үшін қолынан келгеннің бәрін жасайды. Қаңтар оқиғасынан кейін бұл қауіп тіпті күшейген. Елдің батысында басталған наразылыққа бұрын мемлекет бақылауда ұстап келген сұйылтылған газдың қымбаттауы әсер еткен еді. Жыл басындағы қантөгістен кейін билік жарты жыл бойы коммуналдық төлемдер тарифін көтермеуге уәде берді. Кейін елде кезектен тыс президент сайлау өтті. Сайлауалды науқан кезінде тариф бағасы өзгермейтіні белгілі.

Сайлаудан кейін шенеуніктер қазіргі тарифтердің пайдасынан зияны көбін айта бастады. Премьер-министрдің орынбасары, сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин 6 желтоқсанда Екібастұздағы жағдай жөнінде пікір білдіріп, апатты әлеуметтік бағыттағы тариф саясатының жүргізілуімен байланыстырды.

"Былтыр тариф есебінен Екібастұздың 420 шақырым құбыр желісінің 619 метрі ғана жөнделді. Бұл небәрі 0,01 пайыз ғана. Әрине, мұндай тариф саясаты ерте ме, кеш пе осыған әкелер еді" деді Жұманғарин.

Жылу электр станциялары құрал-жабдықтың ескіргені сөз бола қалса, қаржы тапшылығын алға тартады. 2021 жылы Петропавлдағы ЖЭС-2-де апат болғанда Солтүстік Қазақстан облысы энергетика және тұрғын үй коммуналды шаруашылық басқармасының басшысы Бақыт Ілиясов "Инвестиция қайда кетіп жатыр?" деген сұраққа "Инвестициялық бағдарлама станцияның қазіргі жұмысын қамтамасыз етуге ғана жетеді" деп жауап берген.

Тарифтің инвестициялық бөлігі қайда жұмсалатыны белгісіз. Бұл мәселеге байланысты тексерулер туралы да ақпарат жоқ. Басқарушы компания ай сайынғы коммуналдық төлемдердің бір бөлігін инвестиция ретінде алып отырады.

"ИНВЕСТИЦИЯ ОРНЫНА ТАРИФ"

Жақып Қайрошев мәселені түбегейлі шешу үшін көп қаржы керегін, Қазақстан бюджеті ондай салмақты көтере алмайтынын айтады.

– Бір ғана жобаға – Көкшетау ЖЭО-на (қуаты 240 мегаватт) 300 миллиард теңге (638 миллион доллар – ред.) кетеді. Бізде 20 облыс бар, демек триллиондаған теңге керек. Бюджет осынша шығынды көтере ала ма? Оның үстіне, бұл жерде жылу электр станциялары туралы ғана айтып отырмыз, одан бөлек, әр өңірде желілік компаниялар бар, олардың да құрал-жабдығы 80 пайыз ескірген. Жылу құбырлары да қаусап тұр, – дейді сарапшы.

Энергетика министрі Болат Ақшолақов мәселені жаңа ЖЭО салып шешуге болады деп есептейді.

"Естеріңізде болса, президент "Инвестиция орнына тариф" деген бағдарлама туралы айтып еді. Мәселенің шешімі – осы. Бағдарлама дайындап жатырмыз. Оған уақыт керек. Бір күнде шешілмейді. Жылу электр станцияларының ғана емес, жылу желілерінің де жағдайын көріп отырсыздар. Көп жұмыс күтіп тұр" деді министр өткен аптада.

Бірнеше күннен кейін вице-премьер Жұманғарин жылу электр станциясының жұмысын қамтамасыз етуге көп ақша кететінін, сондықтан жаңа нысан салып не модернизациядан өткізгенше, қолда бар станцияларды жұмысқа жарамды қалыпта ұстап тұру жеңіл тиетінін мәлімдеді.

1989 жылдан бері Қазақстанда жаңа ЖЭС салынбаған. Астана билігінің ЖЭС-3 саламыз деп келе жатқанына он жылдан асты. Осы уақыт ішінде Астана "Болашақ энергиясы" көрмесін өткізіп үлгерді. Ranking.kz экономика көрсеткіштерін бақылау жобасының есебінше, EXPO-ға дайындыққа Қазақстанның отын-энергетика кешенін дамытуға бөлінген қаржыдан көп ақша кеткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG