Accessibility links

 
Сенат спикері Буча қырғынын БҰҰ аясында зерттеу қажеттігін айтты

Сенат спикері Буча қырғынын БҰҰ аясында зерттеу қажеттігін айтты


Мәулен Әшімбаев: Бучадағы қырғынды БҰҰ аясында халықаралық тергеу жүргізіп, анықтау керек
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:41 0:00

Мәулен Әшімбаев: Бучадағы қырғынды БҰҰ аясында халықаралық тергеу жүргізіп, анықтау керек

Буча қырғынының себебін халықаралық дәрежеде зерттеу қажет. 7 сәуірде Қазақстан сенаты төрағасы Мәулен Әшімбаев осылай деп мәлімдеді.

– Бучадағы жағдай – трагедия. Бейбіт адамдар қаза болды. Қалай, неге болды? Әрине, оны халықаралық ұйымдардың қатысуымен, басқа мемлекеттердің қатысуымен (батыс мемлекеттері бар – М.Ә.) [бірігіп] анықтаған [дұрыс]. Украина халқының да тосып отырғаны, әлемдік қауымдастықтың тосып отырғаны осындай қадамдар. Сол себепті бұл жерде эмоцияға салынбай, айыптар тақпай, БҰҰ аясында үлкен тергеу жұмыстарын жүргізген орынды болады деп есептеймін, – деді Азаттықтың сұрағына жауап берген сенат спикері.

Бұған дейін кейбір халықаралық басылымдар спутниктен түсірілген суреттерге сүйене отырып, қырғынға Ресейдің қатысы болуы мүмкін деп болжам жасаған. Бұл жөнінде сұраққа сенат спикері "кім қырғанын анықтау үшін БҰҰ аясында үлкен тергеу жұмыстары жүргізілуі тиіс" деді.

2 сәуірде Киев түбіндегі Буча қаласында жүздеген бейбіт адамның мәйітін шашылып жатқаны туралы хабар тарай бастаған. Бұл қаланы бір айдан астам Ресей әскері басып алып, бақылауында ұстаған еді. Ресей әскері кеткен соң қалаға Украина әскері кірген. Украина билігі бейбіт азаматтардың өліміне Ресей армиясын кінәлады.

Ресей қорғаныс министрлігі барлық айыптауларды жоққа шығарып, Киевтің өзін кінәлаған.

Бұған дейін сенат спикері кемінде 238 адамның өмірін қиған Қаңтар қырғынын халықаралық дәрежеде зерттеуге қарсы болған еді. Ол шетел тергеушілерінің әділдігіне күмән келтірген болатын.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG