Accessibility links

 
Иранда кітаптардың жарық көруіне қатаң мемлекеттік бақылау жасалады

Иранда кітаптардың жарық көруіне қатаң мемлекеттік бақылау жасалады


Иранның Исламдық мәдениет және ұстаным министрінің Колумбия жазушысы Габриел Гарсиа Маркездің жаңадан жарық көрген кітабына тиым салуы Ирандағы цензуралық бақылаудың беделіне көлеңке түсіргендей болды. "Менің бақытсыз жезөкшелерімнің естеліктері" деген жаңа роман Иранда "Менің бақытсыз сүйіктім" деген атпен жарық көрген болатын, бұл шығарманың цензураға ұшырауы, Ирандағы осындай тиым салынған жүздеген жазушы мен олардың кітаптарының тағдыры турасында алаңдаушылық туғызды.

Тиым салынған кітаптардың қатарында Парсы классикалық әдебиеті мен гностицизм, демек христианға дейінгі діни ұстанымдар турасындағы шығармалар мен академиялық университет оқулықтары, сондай-ақ әлемге кең тараған кейбір әдебиеттер, Ислам әлеміндегі кең танымал адамдар жайындағы кітаптар бар.

Исламдық мәдениет және ұстаным министрі Мохаммед Хусейн Саффар-Харанди қызметке келген екі жылдың ішінде тиым салынған әдебиеттер қатары тым өсіп кетті. Олардың 70 процентейі Харрандиден бұрын болған министрдің рұхсатымен қайта жарық көрген шығармалар болса да, енді олардың оқырманға жетер жолы кесіліп қалды.

Мәдениет министрлігінің арнайы емтиханшылары кітаптардың заңдылығы турасында қазіргі саясат ауанына, идеологиялық немесе жеке мүдделерге қарап шешім қабылдайтын болды. Бірақ, олардың мұндай шешімдерінде ешқандай заңдық негіз жоқ.

Екі жылда цензураға ұшырағандардың ішінде Сузани Самарханди, Омар Хаям, Молана Жалаледдин Руми, Незами Ганжави, Абид Закани сияқты кең таралған ақындардың қаламынан туған туындылар бар.

Мемлекеттік бақылау сондай-ақ Иранның қазіргі заманғы Садех Хедайат, Ибрахим Гулистан, Голамхусейн Саади, Ахмад Касрави, Али Дашти және тағы басқа да кең танымал жазушыларын және зерттеушілерін де нысанаға алған. Хедайаттың кейбір шығармалары қатаң цензура басталмай тұрып-ақ жарияланбай келген болатын.

Мәдениет министрі Хедайаттың "Қаңғыбас ит" романының қайта басылуын да мақұлдамай қойған. Сонымен Иранда қазіргі саясатқа жатпайды, идеологияға қайшы келеді деп табылған шығармалардың барлығы да баспалардан қайта жарық көрмейтін болды. Және бұл жалпы құбылысқа айналған.

Өткен жылы Исламдық мәдениет және ұстаным министрі бұған дейін төрт рет жарық көрген Изабел Аллендидің "Эвелина" және Никос Казантзакистің "Иса пайғамбардың соңғы азғырулары" деген шығармаларын қайта басуға болмайды деген жарлық берген болатын. Кітаптардың шықпай жатқанына қатысты жазушылардың, авторлардың шағым-арыздарына Мәдениет министрі жауап бермейді, оларды қаперіне де алмайды.

Соңғы кездері тиым салынып, жарыққа шықпай қалған көптеген кітаптардың тізіміне қосылмай, қатерден аман қалған жалғыз ғана шығарма ол - Акбар Хашеми Рафсанжанидің "Тағдырға қарай" деп аталатын кітабы. Ирандағы кейбір консервативтік бұқаралық ақпарат құралдары бұл кітап жайында даулы пікірлер жазғаннан кейін шығарманың екінші рет басылуына тиым салмақшы болғанымен, Рафсанжанидің ықпалды күші оған жол берген жоқ. Сөйтіп, кітап екінші рет жарық көрді.
XS
SM
MD
LG